Ақтауда тұңғыш рет спорттағы дарынды балаларға арналған интернат-колледж ашылды

Ақтауда тұңғыш рет спорттағы дарынды балаларға арналған интернат-колледж ашылды

Маңғыстауда тұңғыш рет спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл – өңірде алғаш рет ашылып отырған, спорт пен білімді ұштастыратын арнайы оқу орны. Мекеме олимпиадалық спорт түрлері бойынша дарынды балаларды кәсіби деңгейде даярлауға бағытталған.

ССалтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл оқу орны өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл мектеп Мемлекет басшысының спортты дамыту және дарынды балаларды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ашылып отыр. Мұнда спорт пен білім қатар дамып, болашақ чемпиондарды даярлауға барлық жағдай жасалған. Ендігі міндет – оқу процесін сапалы ұйымдастырып, балалардың қауіпсіздігі мен кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Бұл жерден ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын спортшылар өсіп шығарына сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Интернат 300 оқушыға арналған. Оның ішінде 250 бала жатақханамен қамтамасыз етілсе, қатынап оқитын 50 оқушы үшін арнайы тасымал қызметі ұйымдастырылған.

Оқу орнында бокс, дзюдо, таеквондо, еркін және грек-рим күресі бойынша жаттығулар өткізіледі. Оқушылар күн сайын екі мезгіл жаттығып, тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен дайындықтан өтеді.

Интернат-колледждің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Мұнда спорт және күрес залдары, оқу кабинеттері, кітапхана, медициналық орталық, жатақхана мен асхана қарастырылған. Оқу мен жаттықтыру жұмыстары мемлекеттік білім стандарттары мен спорттық талаптарға сай жүзеге асырылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары