Астанада бір мезетте 40-тан астам жаңа жыл шыршасының шамы жағылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаланың барлық ауданында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар мұз айдындары, сырғанақтар, шағын сәулет нысандары, фотоаймақтар және т.б. Сол сияқты концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды, балаларға арнап аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық шоулары әзірленді.
"Мәселен, биіктігі 25 метрлік шыршалар «Астана Арена» стадионы маңындағы автотұрақта, «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда, Ақбұлақ өзенінің жағалауында және ботаникалық бақта жарқырап тұр.
Орталық саябақта, Ғашықтар саябағында, Әйтеке би көшесіндегі аллеяда, «Бухарест» саябағында, елді мекендерде, «Жерұйық» саябағының орталық бөлігінде, Мұңайтпасов көшесіндегі «Колизей» баскетбол алаңында, «Жастар» сарайының аумағында, Тәшенов көшесіндегі Ататүрік атындағы саябақта, «Көктал» саябағында, Есіл өзенінің жағалауында, ЭКСПО аумағында, «Жетісу» саябағында және қаланың өзге де орындарында жаңа жыл шыршаларының шамы жағылды. Сонымен қатар, биіктігі 20 метр болатын шыршалар «Нұрлы Жол» теміржол вокзалы алдындағы алаң мен Жұмысшы мамандықтар аллеясының көркін арттырды", – деп жазды қала әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қаланың барлық ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, арнайы тақырыптағы алаңдар және т.б. орналасқан, олар қыс бойы жұмыс істейтін болады.