Асау-Барақ атанған қос қаһарман

Асау-Барақ атанған қос қаһарман
сурет: istockphoto.com

Қазақтың сырт ықпалдарға қарсы азаттық күрестерінің заманында ту ұстап отарлауға қарсы шыққан, өз жұртының атақты батыры мен биі болған, көздері тірісінде әулие атанған әкелі-балалы қос батыр жөнінде бір үзік баян. Олардың азаттық күрестердегі көптеген іс-әрекеті отандық және ресейлік архив қорларында сақталған. 

Көпті көрген қазақ даласының сан ғасырлық тарихында талай ба­тыр­­­дың жортып өткені аян. Ұлы Дала төсі – қол бастаған, ту ұстап жауға шап­қан мыңдаған баһадүр-сардардың алтын бе­сігі, атамекені болды. Тоқтаусыз сыр­ғыған уақыт пен тарих керуені олардың та­лайының есімдерін ұмыт қылды. За­ман­дар ауысты, орындарына батыр-кө­семдердің жаңа легі келіп отырды. Та­рихтың өзі биік тұлғалардың іс-әре­кет­терінен тұратыны белгілі. Ертеректегі қал­мақ-жоңғарға қарсы ғасырға созыл­ған ғаламат жаугершілік заманнан соң ор­нына отарлауға қарсы азаттық күрес­тер­дің заманы келіп жеткен еді. Өз ке­зегінде алдыңғы кезең сияқты бұл жыл­дар да өзінің жаужүрек тұлғаларын әкел­ді. Батырлық-билік қасиеттері ата­дан балаға жалғасқан жауынгер әулеттер пайда болды.
Біз сипаттағалы отырған қос тұлға Бар­ақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) мен Асау Барақұлы (1763-1843) да осындай бір жауынгер әулеттің өкілдеріне жа­т­а­ды. Екеуі де азаттық күрестер мен түр­лі қоғамдық-саяси оқиғаларға жас кезден ара­ласып, бар ғұмырларын ел мүддесі жо­лындағы іс-қимылдарға арнап өткен тұлғалар сапынан саналады. Олардың ар­хив қорлары мен ел аузында сақталған мәліметтерін толығырақ беру мүмкін емес, басты деген тұстарын атап шығу­дың өзі біраз көлемді қажет етеді. 
Барақ батыр – шамамен Батыс Қа­зақ­станның түстік далаларының бірінде дү­ниеге келген. Кіші жүздегі Шөмішті Та­бын руының Қарақойлы-Лабақ бө­лі­мі­нен шығады. Ол өз жұртының ғана емес, Хорезм мен Орынбор арасындағы өзбек, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт ұлыс­тары ішінде де есімі аса мәшһүр бол­ған, аты-шулы батыр ғана емес, көзі тірі­сінде әулие атанған. Өзінің ғасырға жуық ұзақ ғұмырында тұтас бір елдің қаһарманы, көсемі, тіпті сиынатын пірі­не айналған. Үшінші атасы – ел ішінде Лабақ ата атанып кеткен, ол да өз зама­ны­ның сұңғыла биі, абыз дана әулиесі бол­ған екен. Сондай-ақ Барақтың Асау­дан басқа Қитар, Жәнібек есімді ұлдары да белгілі батырлар мен билер болса, көп­теген немере-шөбересінің де жауын­гер­лігімен аты шыққан. Жалпы, әуле­ті­нен әскери-билеуші санатындағы жан­дар өте көп шыққан. Олардың ішінен өз ғұ­мырында үш азаттық күреске қаты­сып, соның екеуіне жетекшілік еткен, көзі тірісінде әулие атанған атақты Дәуіт Асауұлын (1787-1874) атауға болады.
Барақ Сатыбалдыұлының алғашқы ер­­лігі ел аузындағы әңгімелер желісіне жатады. Кеңінен тараған әрі бірнеше нұс­қасы сақталған, көркем тілді «Барақ ба­тыр» тарихи жырындағы (жыр нұсқа­лары жүз томдық «Бабалар сөзінің» 60-томында берілген) мәліметте Барақ­тың 18 жасында қалмақтың атақты ба­тыры Алакөбікті жекпе-жекте өлтіргені айтылады.
Барақ батырдың үлкен қайрат­кер­лік қылған кезеңі – 1783-1797 жыл­дары аралығындағы Сырым Датұлы бас­таған көтеріліс болды. Ұзақ жылға со­­­зылған бұл күрес бүкіл Батыс Қазақ­стан­ды қамтыған, оқиғаларынан бірде-бір қауым қалыс қала алмаған, өз зама­нын­да ең атақты деген би-батырлардың басын қосып, дүйім жұртты елеңдеткен ұлы науқан болған еді. Сырымның жа­қын қарулас серігі болған Барақ осы кө­терілістің бас сардарларының бірі бо­лады. Осы азаттық күрес оның атақ-даң­қын одан сайын елге жаяды. Сонымен қа­тар осы кезеңнен бастап оның есімі ар­хив деректерінде ұшыраса бастайды. Ол Сырым көтерілісі тұсында орыс шеп­теріне жасалған барлық дерлік шабуыл­дар мен жорықтарға қатысып, басқа да сардарлармен бірге шептегі бекіністерге көптеген шапқын ұйымдастырады. Құ­жат­тардың бірінде Барақтың қол ас­тын­да 2 мың сарбаздың болғаны айтылады. Ай­талық, 1783 жылы желтоқсанның соңын­да Сырым мен Барақ бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпосттары арасындағы орыс елді ме­кендеріне шабуылдар жасайды. 1785 жыл­дың қаңтарында Орынбор обер-ко­менданты, генерал-майор Я.Зенбулатов жа­залау әскерінің командирі майор Смир­­новқа басқа күрес жетекшілерімен бірге Барақты да отбасымен, мал-мүл­кі­мен қолға түсіруге нұсқаулық береді (Орын­­бор обл. архиві. 5-қор. 1-т. 15-іс, 60-п.). Жазалауға қарамастан осы жылы нау­рызда Сырым, Тіленші, Барақ ба­тыр­лар мың адаммен Антонов форпостын ша­бады. Маусымда осы аталған батыр­лармен бірге Жем бойында кеңес қылып, орыс шептерін шабуға сарбаз жинау үшін әр руға жаушылар жібереді.
Аталған көтеріліс тұсындағы орыс ше­біне жасалған ең үлкен шабуылдардың бірі 1785 жылы шілдеде өтті. Отан тари­хын­­да мүлдем беймәлім дерлік осы оқи­­­­­­ғаға аз-кем тоқталып өтсек дейміз. Бұл жайлы Ресей мемлекеттік архивінде сақ­­талған деректер жетерлік. Мұнда Бар­­ақ, Жиеншора, Тасболат, Жанболат ба­­тырлар бастаған 1 500 сарбаз Таналық (Та­­налыцкая) бекінісі маңындағы ре­дут­қа жойқын шабуыл жасап, ста­ни­ца­лық атаман П.Овчинниковті, хорунжий   Е.Овчин­никовті, капрал С.Рыбкинді жә-не осын­да көмекке келген майор Реш­тей­нер­ді 30 адамымен, майорды шабуыл туралы ескертуге жіберілген капрал Ива­новты 20 адамымен және оларға кө­мекке келген капрал Семеновты 26 ада­мымен бірге қолға түсіреді. Шайқас ке­зін­де қарсыласқан капрал И.Мелехин, 28 сол­дат пен казак қаза табады. Жо­ғары­дағы солдаттар командирлерімен бірге тұтқынға түскендер арасында казактар, солдаттар және башқұрттар бол­ған. Бұл оқиға туралы деректер түрлі құжаттардан там-тұмдап кездескенімен, кейіннен қазақ ауылдарынан қашып шыққан не босатылған тұтқындардың әр жылдардағы жауаптарынан шабуыл­дың жай-жапсары біршама айқандалды. Тұтқыннан босатылған кизилдік ба­тальон солдаты В.Котков капрал Семе­нов­тың шұғыл жиналған 34 адамы ішін­де көмекке келген кезде, қазақ­тар­дың оларды майорға жібермей, 8 адамын өл­тіріп, қалған 26-ын түгелдей тұт­қын­дап Жайықтың арғы жағына алып өт­ке­нін айтқан. Пермь жаяу әскер полкінің сол­­даты Тарасов болса тұтқыннан 14 жыл­дан соң, 1799 жылы ғана босатылған, ол бұдан бұрын алдында 12 жыл бойы орыс-түрік соғысына қатысқанын көр­сет­кен. Шабуыл жөнінде Нұралы хан да князь Г.Потемкинге 1785 жылы 15 қа­ра­шада жолдаған хатында сарбаздардың біраз казакты өлтіріп, бір атаман мен майорды, басқа тірі қалғандарын түгел­дей өздерімен әкеткенін жазған. Ханның келесі хатында бұл шабуылды Барақ пен оның ұлдары, Жиеншора батырдың туыс­тары, ағайынды Тасболат, Жанболат ба­тырлардың (соңғы екеуі атақты Тама Есет батырдың ағасы Қарабастың ұл­дары) ұйымдастырғанын атайды. Оқиға ба­рысы Сырым бастаған билердің кейі­ні­рек өлке басшысы О.Игельстромға жаз­ған хаттарында да баяндалады, оған қара­ғанда бұл шайқаста Сырымның өзі бол­мағанға ұқсайды. Хатта жоғарыдағы ба­тырлар бастаған жасақтың 100-ден аса адамды 100-ге жуық атымен бірге қол­ға түсіргендері айтылады.
Баяндалған шабуыл Орынбор бас­шы­лығын да алаңдатып, обер-ко­мен­дант кеңсесі мен Шекара істері экс­­педициясы арасында тұтқындар жайын­да хат алмасулар жүрген. Ресей ше­біне соққы болып тиген бұл шайқас ара­да тіпті 30 жыл өткен соң да ұмытыла қой­маған. 1816 жылы Орынбор губер­на­торы, князь Г.Волконский Петербургтегі инфантерия генералы С.Вязмитиновқа жолдаған бір жазбасында қазақтардың «аса зор қарқынмен» шабуыл жасап, ко­ман­дирлерімен қоса барлығы 78 адамды әкеткендерін еске түсірген. Шабуылдың мән-жайы қазақ ауылдарынан әр жыл­дары қашып шыққан Айтқұл, Мәм­бет, Езе­кей есімді башқұрттардың жауап­тары­нан да анықтала түседі. Бұлардың екеуі шабуылдың басты жетекшілері ретінде Жиеншора мен Барақ батыр­лар­ды атаған. Мұнда аталған Жиеншора (Жыл­қышы Табын руынан) да көпші­лік­ке беймәлім өз кезеңіндегі қас батыр­лар­дың бірі. Орыс әскері 1774 жылы бір жа­­залау кезінде оның кішкентай ба­ла­ла­рын алып кетіп шоқындырып, ресей­лік мещандарға таратып жіберіп, кейін та­ба алмаған. Балаларын қайтара ал­ма­ған Жиеншора осыдан соң орыс шеп­те­рін аямай шауып, адамдарын әкетуге ант ет­кен екен. 1775-1800 жылдары аралы­ғын­да ширек ғасыр бойы Орынбор ше­бін шабумен, адамын әкетумен өткен. Оның есімі өлке губернаторларынан бас­тап бүкіл шекара халқына аса таны­мал болған.
Осылайша, желісі әртүрлі деректерде там-тұмдап аталатын, қарапайым тұр­ғын­дарды емес, бір атаман мен майорды, хорун­жийді, барлығы 100-ге жуық әс­кери адамды (соңғы деректер бойынша 96 адам) тұтқынға алған бұл шайқас қа­зақ батырларының ең бір тамаша жеңіс­терінің бірінен саналады. Бір жорықта 100-ге жуық адамды тұтқындау қа­зақ азаттық күресі тарихында бұрын-соңды кездеспеген еді. Бұл шабуыл – Отан тарихында мүлдем дерлік белгісіз оқиғалардың бірі.  
Барақ батыр 1785 жылы қыркүйе­гін­де жоғарыдағы шабуыл бойынша Орын­бор­дан жіберілген ахун Мұхамеджан Ху­сейнов бастаған елшілердің қаты­суы­мен болған Кіші жүздегі аса ірі билер кеңе­­сіне қатысады. Осы кеңесте Ека­те­рина патшайым мен барон Игельстром атына жазылған ең ықпалды деген 51 қа­зақ би-батырларының хатына қосы­ла­ды. 1786 жылы Нұралы хан биліктен ке­­тірілген соң, осы жылы қыркүйекте өткен бүкіл Кіші жүз құрылтайында Шө­мішті Табын руының басқарушы биі бо­лып сайланады. 1789 жылдың жа­зын­да Барақтың үлкен жасақпен Ресей ше­біне жақындағаны жайында дерек бар, оның келуін 260 сарбазымен Жиеншора ба­тыр күткен. 1790 жылы Сырым көте­рі­лісі ішінде екі ағым пайда болған кезде Барақ пен ұлы Асау екеуі күресті жал­ғас­тыру бағытын ұстанған Сырым тобын қол­дайды. Екеуі де оның ең жақын жақ­тастарының қатарында аталады. 1791 жылы қазанда Сырым, Барақ бастаған кү­рес көсемдері Индер тауларының маңын­да кеңес құрып, орыс шептеріне шабуыл жасауды жоспарлайды. 1792 жы­лы Сырым Ресейге соғыс жариялап, 1000 сарбазбен Тұзтөбе, Красногорская бе­­кіністерін шапқанда басқа сар­дар­лар­мен бірге Барақ та қатысқан. Барақ ба­тыр сондай-ақ Үстірт, Сам-Матай бой­ла­рын­дағы өз қоныстарына көршілес т­ү­рік­мендермен де соғысқан. 1792 жылдың қарашасында ол түрікмендерге жорық жасап, 100 түйе барымталаған.
Барақ Сатыбалдыұлы келесі ХІХ ға­сырдың алғашқы ширегіндегі оқи­ғаларға да қызу араласты. Жасы 80-нен асқан шағында да қоғамдық-саяси үде­рістерден тыс қалмады, Ресейдің қа­зақ жеріне жаңа шептер тұрғызуына ашық қарсы шықты. 1822 жылы бас­тал­ған өзінің бұрынғы қарулас серігі Тілен­ші­нің ұлы Жоламан бастаған көтерілісті қат­ты қолдады, оның рухани дем беру­ші­сі болды. Кейбір архив құжаттарына қа­рағанда, Жоламан өз күресін бастар алдында 1822 жылы көктемде Жем бойында орналасқан Барақ ауылында бо­лып қарт батырмен кеңесіп, оның ба­тасын алған. Осы жылы желтоқсанда Жо­ламан бастаған Кіші жүздің бір топ би­лері мен батырлары Орынбор губер­на­торы П.Эссенге Елек бойындағы қазақ жерлерін қайтаруды сұрап жолдаған хат­қа қарт Барақ ең алғашқылардың бірі бо­лып «Барақ бин Сатыбалды баһадүр» де­ген жазуы бар мөрін басқан. Бұл хатқа оның ұлдары Асау мен Қитар батырлар да қосылған. Қарт батырдың деректерде ең соңғы аталуының бірі 1826 жылға жа­тады, бұған сәл төменде тоқталамыз. Барақ әулие ұзақ жасап, Сам құмында, қазіргі Маңғыстау облысы Бейнеу ауда­ны­ның аумағында жерленген.
Барақтың үлкен ұлы Асау да – атақ­ты батыр әрі би, орыс отарлауына қарсы азат­тық күрес ұйымдастырушы тұлға бол­ған еді. Ол да әкесі тәрізді Орынбор мен Хорезм арасына мәшһүр болған адам. Өз заманының жаужүрек тұлғасы, елі­не тас қамалдай қорған болған қол­бас­шы. Соңынан қалың жұртын ерткен бас би. Ресей мен Хиуа арасындағы қазақ да­ласындағы қоғамдық-саяси оқиға­лар­ға белсене қатысқан. Әкесі сияқты оның ер­лік­тері де ел ішіне аңыз болып тарал­ған. Жас күнінде Сырым көтерілісіне қа­­ты­сып, кейбір құжаттарда «Асау тен­тек» аталады. Осы күресте басынан соңы­­­­на дейін болған. Оның есімі 1785-1795 жыл­дары аралығында шабуыл­дар­ды ұйым­дастырушылар арасында ата­ла­ды.
Асау Барақұлы 1822-1826 жылдары қа­зақ тарихындағы келесі бір ірі қарулы кү­рестердің біріне басшылық жасады. Ол Жоламан, Адай Сүйінғара, Кете Дер­бі­сәлі, Табын Жаналы, Құттыбас батыр­лар­мен бірге осы көтерілістің бас қол­бас­шыларының бірі болды. Бұл Асау ба­тырдың Ресей ықпалына қарсы күре­сінің ең жарқын кезеңі болған еді. Атал­ған 1822-1826 жылдары орыс шептеріне өте көптеген шапқын жасалды. Құрыл­ған Жаңа Елек шебінің Ветлянский, Су­хо­реченский, Буранный сияқты фор­пос­тары мен елді мекендері қазақ сар­ба­з­дары­ның тікелей жойқын шабуылдарына ұшырады. Оларды ұйымдастырушылар ара­сында Асау мен оның көптеген жа­қын ағайын-бауыры да бар еді. Жасақ­тар­дың бірін інісі Қитар батыр басқарды. 1822 жылы желтоқсанда Орынбор Ше­кара комиссиясы губернатордың жар­лы­ғымен шепке шабуылдар жасап жүр­ген «бүлікшілерді» ұстау туралы берген құ­пия бұйрығында алдымен ұсталуы тиіс адамдар ішінде Асау мен Қитарды да көрсетті. Асау батыр да Кіші жүздің көп­теген биінің ішінде 1822 жылы шіл­де­де Ресей Сыртқы істер министрі, граф К.Нессельродеге, желтоқсанда Орынбор губернаторына жазылған хаттарға қо­сы­лып, Ресейде ұсталған Арынғазы сұл­тан­ды және Елек бойын қайтаруды сұра­ды.
1825-1826 жылдары көтеріліске қар­сы дүркін-дүркін қарулы командалар шы­ғарылып, күшпен басылады. Осы кез­де, 1826 жылы жаз айларында Асау Ба­рақұлы мен күрестің бұрынғы қол­басшылары Сүйінғара, Дербісәлі, Қитар, Бай­ғана т.б. батырлар патша өкіметінің ық­палынан тыс оңтүстік далаларда үл­кен қарулы жасақтар жинап, азаттық күрестің жаңа ошағын қалыптастырды. Құжаттарға қарағанда, бұл күрес ошағы Сағыз, Ойыл өзендерінің бойларында топ­тасқан. Жасақтар Жем өзенінің бой­ла­рына да шоғырланған. Барлығы бір­не­ше мың сарбаз жиналған. Осы іс-әре­кеттерден жасы 80-нен асқан қарт Ба­рақ­­тың өзі де тыс қалмай, жиындарына қа­тысып, ақыл-кеңестерін беріп отыр­ған. Архивтік деректерге сай, 1826 жыл­дың маусымында осы күрес ошағынан 2 мың адамдық жасақ Ойыл, Қалдығайты, Бұл­дырты өзендерінің бойына жинал­ған. Бұл әскерді жоғарыдан Барақ Саты­бал­дыұлы, Асау Барақұлы, Сүйінғара, Дер­бісәлі және Байғана батырлар бас­қар­ғаны айтылады. Бұл кезде 83 жастағы қарт Барақтың деректе аталуы елеңде­тер­лік. Дегенмен бұл оның тікелей атқа қонып жасақ бастауын емес, талай жо­рық пен соғысты бастан өткізген жау­жү­рек әрі сыйлы абыз-әулие жан ретінде ру­хани дем берушісі болғанын көрсетсе керек. Осы жасақ сардарларының 
бірі Асау­дың бір ұлы Жанбура батыр бол­ған.
1826 жылы шілдеде осы көтеріліс­ші­лер тобынан іріктелген ең таңдаулы де­ген 500 сарбаз Жаңа Елек шебіне қа­рай жорыққа шығып, Новоилецк фор­пос­ты түбінен бес қарауыл казакты қол­ға түсіреді. Шыңғырлау өзенінің тұ­­­сында өздеріне қарсы тұтқындарды азат етуге шыққан Жаңа Елек шебінің ко­мандирі, есаул С.Аржанухин бастаған ка­зак әскерімен кездесіп ірі шайқас өт­кізеді. Олар казактарды қоршап алып оқ жаудырып, жан-жағынан от жіберген. Қоян-қолтық ұрыстар да болған. Шайқас жеті сағатқа созылып, осыдан соң жаза­лау­шы әскер кері қайтуға мәжбүр бол­ған, тұтқындарды босата алмаған. Казак жа­сағын сарбаздар 10 шақырымға дейін қуады, казактар оқ ата отырып шегінеді. Олар сарбаздарға қарсы 800 патрон жұм­сап біраз адамды өлтіреді, олардың ішін­де сардарлардың бірі Байғана батыр қаза табады. Көп ұзамай осы сарбаздар Подгорный форпостына қауіп төндіреді. Асау және басқа да қолбасшылар басқар­ған жасақтар келесі 1827 жылы да әрекет етеді.
Асау Барақұлының архивтерде сақ­талған деректері көп. 1827-1833 жылдар аралығында ол Батыс Қазақстанның оң­түстік өңірлеріндегі әлеуметтік-саяси оқи­­ғаларға белсене араласты. Сол жыл­дары Хиуа тарапымен тығыз байланыс орнат­ты. 1827 жылы жазда Хиуа ханы Ал­лақұлдың өтінішімен Асау батыр Кіші жүздегі билігінен айырылып, осы өңірге келген Шерғазы Айшуақұлын хан көтеру рәсімін жасады. Ханның бұл рәсімді басқаға емес, Асауға ұсынуы оның дала төсіндегі беделін көрсететін. 1833 жылы жазда Үстірт жерінде бірге көшіп-қон­ған, жастары 70-ке келген Асау мен Жо­ла­­ман батырлар сарбаз жинап орыс өкі­метіне кезекті рет қарсы шығады. Олар­ға қарсы аға сұлтан Баймағамбет Ай­шуақұлы 4 мың адаммен және казак жа­сағымен аттандырылады. Ащы Ойыл өзе­нінің жоғарғы тұсында Асау мен Жо­ламан 300 сарбазымен осы қалың әскер­мен соғыспақ болады. Алайда Байма­ғам­бет сұлтан олармен қақтығысқа бармай бас­қа жаққа бұрылып кетіп, осы үшін Орынбор әкімшілігінен қатаң сөгіс алады. Асау мен Жоламанның аз ғана сарбазбен өздерінен күші он есе басым үкі­мет әскеріне тайсалмай қарсы тұру­лары олардың азаттық үшін соңына дейін күресуге даяр қайтпас рухтарын паш етеді. Талай жорықты көрген екі тар­лан бұл жолы да өз өмірлерін құрбан етуге дайын болған.       
Өз қауымының басқарушы биі бол­ған Асау орыс патшалығы мен Хиуа хандығы арасында жұртының мүд­десіне қарай өз саясатын ұстанды. Ол 1838 жылы Жем, Үстірт өңірлеріне кел­ген Исатайды сыйласа да, оның күре­сін бір себептермен қолдамайды. Басты себептерінің бірі Хиуа тарапынан сол өңірдегі қазақтарға хан етіп қойылған Қайыпқали сұлтанның өктемдігі де бол­ған. Бұрын сұлтанмен де, Хиуамен де жақын қарым-қатынаста болған қарт Асау бұл жолы Хиуа пайдасына зекет беру­ді талап етіп келген Қайыпқалиды хан деп мойындамайтынын айтып, Иса­тайға қосуға даярлап отырған 400 жігі­тін бермей қалады. Мұны кек тұтқан Қайып­қали 1839 жылы көктемде Хиуа ха­нынан жартысы түрікмендерден тұра­тын 700 әскер алып Асау ауылдарын ша­бу­ға аттанады. Қарт батыр да 500 жі­гітін олардың алдынан жіберіп, Доңыз­­­тауға жақын маңда қанды шайқас болады. Осы шайқаста 30-ға жуық сарбазы қаза табады. Осылайша, ұзақ жыл Ресей ық­па­лымен күрескен Асау би енді жұрты­ның мүддесі үшін Хиуаның әсіре ықпа­лы­на қарсы соғысуға да мәжбүр болады, бірақ ауылдарын аман сақтап қалады. Бір­қатар деректерге қарағанда, ол Ресей мен Хиуа арасында өз ауыл-аймағының экономикалық-саяси қажеттіліктеріне сай көпқырлы саясат ұстануға мәжбүр болған.
Асау би өз өсиетімен әкесі Барақтың қа­сында Сам құмында жерленген. Ел ау­­зын­дағы әңгімелерге сай, Асау дүние са­­ларында «Қанша атағым шықса да әке­­ме жете алмадым, мені жерлегенде әкем­нен төмен қойыңдар» деп айтып кет­кен. Тағы бір өсиетінде «Көзімнің тірі­сінде атым әкемнің атының алдына шығып кетті, өлгенде әкемнен төмен қойың­дар» деген. Бұл екеуінің ел ішінде «Асау-Барақ» аталып кетуі жөнінде бола­тын.
Әкелі-балалы қос батырдың қысқа­ша өмір дерегі осындай. Екеуі де бар ғұ­мырын ат үстінде өткізген, сырт ықпал­дар­ға қарсы күресіп өткен жандар. Ал­да­ғы жылы олардың өз серіктерімен 1826 жылғы жаңа күрес ошағын құрған оқиғаларына 200 жыл толады. Осындай тарихи даталарды және әкелі-балалы қос батырдың ел мүддесі жолындағы бас­қа да сан қилы іс-қимылдарын негізге ала отырып оларға Ақтөбе қаласынан ес­керт­кіш те орнатуға болар еді. 

Ханкелді Әбжанов,
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор, ҚР ҰҒА академигі,

Нұржан Жетпісбай,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология 
институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары