Қостанай облысының Әулиекөл аудандық соты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша айыпталған азаматша П.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2022 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде П. жылу энергетикалық компаниясында бас бухгалтер лауазымын атқарып, материалдық жауапты тұлға бола отырып, пайдакүнемдік ниетпен кәсіпорынның ақшалай қаражатын өзіне жалақы ретінде рәсімдеу арқылы жеке банктік шотына заңсыз аударып отырған.
Ол бұл мақсатта «Onlinebank» бағдарламасында электрондық төлем тапсырмаларын қалыптастырып, электрондық кілтті пайдалану арқылы банкке жолдаған, алайда аталған операцияларды «1С-бухгалтерия» бағдарламасында көрсетпеген. Төлем тапсырмаларының бір бөлігі жойылған. Алынған ақшалай қаражатты П. қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Келтірілген материалдық залалдың сомасы 9 млн теңгеден асты.
Жасалған қылмыстың мән-жайларын, оның салдарын, қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, сотталушының жеке басын ескере отырып, сот П.-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 4 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-бабы 2-тармағы негізінде сотталған П.-ның жазасының мерзімі үштен біріне қысқартылып, түпкілікті өтеуге 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.
ҚР ҚК 74-бабына сәйкес негізгі жазаның орындалуы баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ сот П.-дан Әулиекөл ауданы әкімінің аппаратының пайдасына келтірілген материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы қаулы етті.