Биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұланы оркестрлері үшін ерекше жыл. Себебі бір мезетте екі маңызды белес тоғысып отыр: Ұлттық ұланның Әскери-оркестр орталығына – 10 жыл, ал 5573 әскери бөліміндегі оркестрдің құрылғанына – 60 жыл толды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тәуелсіздік жылдары әскери-оркестр қызметі жаңа деңгейге көтерілген. 2015 жылы құрылған Ұлттық ұланның Әскери-оркестр орталығы осы саланың дамуына серпін берді. Бүгінде Ұлттық ұлан сапында өнер мен әскери тәртіпті үйлестірген 17 әскери оркестр құрылған. Бұл ұжымдарда 320-дан астам келісімшарт негізінде қызмет ететін кәсіби музыканттар мен офицерлер ел игілігі жолында еңбек етуде. Ал рухани әрі салтанатты орталықтың тізгінін қазіргі уақытта майор Олжас Құдайқұлов ұстап келеді.
Осы үлкен құрылымның ішінде тарихы терең, жолы даңғыл ұжымдардың бірі – 5573 әскери бөліміндегі оркестр. Тарихы терең оркестр жарты ғасырдан астам уақытты артта қалдырды. 60 жыл бойы ұжым саптық алаңдарда да, үлкен сахналарда да Ұлттық ұланның айбынын әуенмен асқақтатып келеді.
«Бұл оркестрдің орындауындағы әр маршта – өткеннің ізі, әр салтанатты әуенде – бүгінгі сарбаздың рухы, ал әр концертте – болашаққа деген сенім бар. Бірнеше буын музыканттарының еңбегі тоғысқан оркестр әлі күнге кәсіби биігінен түскен емес», – деді майор Олжас Құдайқұлов.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан оркестрлері жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шараны музыкамен әрлейді. Сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің оркестрлері «Амур толқындары», «Қазан фанфары», «Астана самалы», «Бейбітшілік трубасы», «Виват, Санкт-Петербург!» сынды беделді халықаралық фестивальдерде өнер көрсетіп, Қазақстанның мәдени әрі әскери беделін асқақтатты. Ал елімізде жыл сайын Ұлттық ұлан оркестрінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Әскери керней» фестивалі өтіп тұрады.