Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені — экономикадағы стратегиялық маңызды салалардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптің дамуы елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, экспорттық әлеуетін ұлғайтуға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар деп атап өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Қазақстандағы тамақ өнімдері өндірісі тұрақты өсім көрсетіп отыр.
«Осы жылдың 10 айында тамақ өндірісі 3,1 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9,1%-ға артты. Жыл соңына дейінгі жоспар – 9,3%. Тамақ өнімдерін өндіруге салынған негізгі капиталға инвестициялар 60%-ға өсіп, 225 млрд теңге болды», – деді ол.
Өңделген өнімдердің экспорты бойынша да оң динамика байқалады. Биылғы тоғыз айда экспорт көлемі 2,5 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 32,4%-ға өсті. Ұн, өсімдік майы, сүт өнімдері, жарма және шұжық өнімдері бойынша едәуір өсім байқалды. Бұл көрсеткіштер саланың ішкі нарықты қамтамасыз ету және әлемдік нарыққа шығу әлеуетінің артуын көрсетеді.
Саланы қаржылай қолдау да жалғасып жатыр. Министрліктің мәліметінше, биыл жеңілдетілген несиелерге 44,3 млрд теңге бөлініп, шамамен 100 кәсіпорын қаржыландырылды. Келер жылы қаржыландыру көлемі 1,5 есеге өсіп, саланың дамуына қосымша мүмкіндік береді.
Астықты терең өңдеу бағытында 2028 жылға дейін қуаттылығы 4,8 млн тонна болатын бес ірі жоба іске қосылады. Бұл жобаларға жалпы 2,6 млрд доллар инвестиция тартылып, 3,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұған қоса, биыл 29 жоба іске қосылды, келер жылы 50 жоба жүзеге асып, 2,5 мың жұмыс орны құрылады. 2027 жылы жалпы құны 874 млрд теңге болатын 26 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.
«Агроөнеркәсіпті дамытудың басты бағыты – әртараптандыру, су ресурстарын тиімді басқару және терең өңдеуді күшейту», – дейді «Ауыл» партиясы Ақпараттық-сараптама жұмысы департаментінің басшысы Қуаныш Үсенов.
Бұл үш бағыт бір-бірімен сабақтасып, саланың құрылымдық жаңғыруына, экспорттық әлеуеттің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп саласындағы терең өңдеу еліміздің экономикалық дамуының маңызды драйверіне айналып отыр. Президент Жолдауы мен Үкіметтің нақты іс-шаралары бұл саланы дамытудың стратегиялық негізін қалыптастырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен өңделген өнімнің экспортын арттыруға бағытталған нақты нәтижелерге қол жеткізуде.