Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында «Қазақы тазы» ит тұқымына арналған қоян бойынша аңшылық сынақтары өткізілді.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – Қазақстан кинологтар Одағы.
Тек көрмелер мен байқаулармен шектелмей, өздерінің шынайы жұмыс қауқарын көрсету үшін 15 тазы қатысты.
Аталған сынақтар – қазақы ит тұқымдарын сақтау, молайту мен асылдандыру және олардың халықаралық деңгейде танылуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстың бөлігі.
Дала жағдайындағы бағалау бұл жерде формальды рәсім емес. Жабайы аң бойынша тазының жұмысы арқылы тұқымның тарихи аңшылық қасиеттері сақталып оны әрі қарай асылдандыру мақсатында қолдануға лайықты екені айқындалады.
Бұл іс-шара, бұған дейін Астана маңында жүргізілген сынақтардың жалғасы болды.
Астанада иттер ор қоянға салынса, бұл жолы тазылар құм қоянды қуу бойынша жұмыс істеді, бұл өз кезегінде қуу сипатын түбегейлі өзгертеді.
Ор қоян көбіне жоғары жылдамдықпен түзу бағытта қашса, құм қоян жүгіріс бағытын жиі өзгертіп, иттен жедел әрекет етуді талап етеді.
Қазақы тазы бойынша тәжірибелі мамандардан құралған сарапшылық комиссия иттерді келесі негізгі көрсеткіштер бойынша бағалады:
Жылдамдық пен маневрлік - тазының қаншалықты тез және қоянның соңынан бағытын қаншалықты шапшаң өзгерте алатыны;
Іздеу және иіс сезімін пайдалану - тазының аңды өздігінен табу қабілеті, иісті және желді пайдалануы;
Төзімділік - иттің ұзақ уақыт бойы жоғары жұмыс қарқынын сақтай алуы;
Интеллект және қуу шеберлігі - тазының қоянның қылығын «оқи» білуі және оның қашу бағытын алдын ала болжай алуы.
Қатысушылардың дайындық деңгейі жоғары болды, жүлделі орындар үшін күрес тартысты өтті. Сынақ нәтижелері:
1-орын: Әрекет, иесі – «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» Қоғамдық қоры;
2-орын: Адырна, иесі - «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» Қоғамдық қоры;
3-орын: Қaблан, иесі – Муптекеев Ернар.
Қазақстан кинологтар Одағы алдағы уақытта мұндай сынақтар қазақы тазы бойынша далалық тексерулер мен асылдандыру жұмыстың бірыңғай жүйесінің негізіне айналатынын атап өтті. Осындай іс-шараларды жүйелі түрде өткізу және оларды тазының асылдандыру жұмысының міндетті талабы қылу жоспарланып отыр.
Бастама еліміздің түпкір-түпкіріндегі аңшылар мен тазы өсірушілер тарапынан қолдау тауып отыр.
Егер қазақы тазыны тек фотосуреттер мен аңыздарда ғана емес, нақты жұмыс істейтін аңшылық ит ретінде сақтап қалғымыз келсе, далалық сынақтар қалыпты және тұрақты тәжірибеге айналуға тиіс.