Pantone институты 2026 жылдың басты түсі ретінде Cloud Dancer деп аталатын ақшыл, бұлттай жеңіл реңкті таңдады. Сарапшылардың айтуынша, бұл түс – мазасыз, ақпаратқа толы заманда тыныштық пен айқындықты іздеудің символы. Pantone бұл реңкті «жайлылық пен сабырды сыбырлайтын түс» деп сипаттады pantone.com, деп хабарлайды turkystan.kz.
Cloud Dancer – жаңа бастаманың белгісі. Қаптаған ақпарат, асығыстық, дабыраның арасынан тыныс алып, ойды реттеуге мүмкіндік беретін таза ақ бет сияқты. Институт өкілдері бұл реңк адамның ойына еркіндік беріп, шығармашылыққа орын ашады дейді.

Pantone-ның түс таңдауы биыл да өнер, сән, дизайн және технология саласындағы серіктестерімен бірге үлкен коллаборациялармен сүйемелденеді. 2026 жылы аталмыш реңк түрлі өнімдер мен сервистерде көрінеді:
Cloud Dancer – минималист әрі әмбебап түс. Киімде ол классикалық жейде, футболка, джинс сияқты базалық заттардан бастап, үлпілдек маталарға дейін жарасады. Бұл реңк кез келген басқа түспен жақсы үйлеседі, әсіресе жұмсақ текстуралармен біріктіргенде тыныштық эффектісін береді. Cloud Dancer макияжда да трендке айналмақ. Бұл түс интерьерде тыныштық пен кеңістік эффектісін береді. Ас бөлмені жарық етіп көрсетеді, ваннада спа секілді атмосфера тудырады. Ақшыл бейтарап реңк ретінде басқа түстерді айқындап, толық үйлеседі. Cloud Dancer брендтерге минималист, таза эстетика береді. Қара түспен бірге қолданғанда – премиум эффект. Ақшыл реңк экологиялық қаптамалармен де жиі ұштасады.
Pantone-ның пікірінше, қоғам өтпелі кезеңде тұр: адамдар қарапайымдылықты, шынайылықты, ішкі тыныштықты көбірек іздей бастады. Ақ түстің бұл түрі – дәл осы үрдістердің көрінісі. «Біз болашақ туралы ойлап, өз орнымызды қайта анықтап жатқан уақытта Cloud Dancer айқындықтың символы» дейді институт басшылары.