Елорданы кім оятады?

Елорданы кім оятады?

Таңғы 03:30. Қала қалың ұйқы құшағында. Жылы төсегінен тұрған Гүлнар жуынып, шайын ішіп, асыға шықты. Өзі секілді жұмысшыларды күтіп тұрған автобустан кешікпеуі керек. Бұл – Гүлнардың 13 жылдан бері қалыптасқан таңғы тәртібі. Сарыарқаның сарышұнақ аязында да, аптап ыстығында да, мереке күндерінде де өзгерген емес.

Гүлнар Әшірбекова елордаға 2012 жылы Қарағандыдан қоныс аударады. Келе сала екі қолға бір күрек деп «Астана Тазалық» мекемесіне қарапайым жол жұмысшысы болып жұмысқа кіреді. Осы мекемеде табан аудармай тұрақты істеп келе жатқанына биыл – 13 жыл. Қазір ол Есіл ауданы бойынша қолмен жинау жө­ніндегі шебер. Еңбегін жоғары баға­ла­ған мекеме оған бірнеше рет алғыс хат беріп, кеудесіне «Елеулі еңбегі үшін» ме­далін тақты. 

– Таңғы 05:00-де жұмыста боламын. Қазір жұмысымыз 05:40-та басталады. Ер­­терек келіп, арнайы техника мен құ­рал­­дарды бөлемін, қай аумақтан, қалай бас­тау керегін жоспарлаймын. Жұмыс­шы­­лар жиналған соң көшеге шығамыз. Ме­­нің міндетім – еңбек қауіпсіздігін сақ­­тай отырып, жол жұмысшыларымен бірге қа­­ланы тазалау. Біз жұмысқа кіріскен уа­қытта қала ұйқыдан әлі ояна қоймай­ды. Бұл сәт көшелерді тексеруге, қай ба­­­­­ғыт­қа күш салу керегін анықтауға мүм­­кіндік береді. Таңғы трафик бастал­ған­­да тазалау қиындайды, сондықтан көп жұмысымызды сол тыныш кезде ат­­қарып үлгереміз, – дейді Гүлнар апай. 

Гүлнар Әшірбекова
Гүлнар Әшірбекова

Оның алғаш жұмысқа кірген сәті де әлі есінде. Борандатып аялдаманы, жаяу жүр­гіншілер жолын қардан тазарту оңай болмаған. «Бұл менің қолымнан ке­­леді» деген сенім, шыдам мен төзім ал­­ға жетелеп отырады. Әйел баласы үшін осындай қиын жұмыспен қатар от­­басын алып жүру – үлкен еңбек, тіпті ер­­лік десек те қателесе қоймаспыз.  

– Жұмысым мен отбасымды тең ұс­тай­мын деп тырысқаныммен көп жағ­дай­­да жұмысқа көбірек көңіл бөлуге т­ура келеді. Өйткені бізге адамдардың қауіп­­сіздігі мен қала тазалығы өте маңыз­ды. Жұмысымыз әйел баласына ауыр болғанымен жақсылығы да көп. Осы жерден өзіме жанашыр құрбы, дос, әпке, сіңлі таптым. Қиын сәттерде бір-бірі­мізге демеу болып, көмектесіп, бірі­міздің мойнымызға түскен жүгімізді бәріміз жұмыла көтердік. Жұмысымызды да ойнап-күліп, әзілдесіп жүріп тез-ақ еңсеріп тастаймыз. Өз ісіңе шын беріл­сең, мамандықтың бәрі жақсы, – деді кейіпкеріміз.

Таң сәріден бас қаланың тазалы­ғын сақтауға аттанатын жұмыс­шы­ларды ауа райының тосын мінезі де тоқтата алмайды. Керісінше, қолайсыз күн­дерде олардың жауапкершілігі арта түседі. 
Көктемнің лайсаң күндері бастал­ған­да, көшелерді тазарту – төзім мен жауап­кершілікті талап ететін ауыр мін­дет. Жаздың ми қайнатқан аптабында, күн тас төбеден шақырайғанда тын­бай еңбек ету үшін де адамға қажыр-қайрат керек. Күздің өк­пек желі қаланың әр бұры­шын­дағы соңғы жапырақ­тар­ды ұшырып әкетсе, оны қай­та жи­нап, қала­ның тынысын ретке келтіру де жұ­мыс­шы­лар­ға жүктелген. Ал қыстың қақаған сары аязы, бет қарат­пай­тын бораны – ең ауыр сы­нақтың бірі. Мұз ойып, қа­лың қар­ды күреу – жай жұмыс емес, нағыз ерік-жігердің, төзім мен тәртіптің сы­налар шағы. 
Төрт мезгілдің талай сына­ғына қа­ра­­мастан, тәуліктің қай уақыты, жыл­­дың қай кезеңі бол­сын, қалада тоқ­та­май­­тын бір майдан бар. Ол – көпшілік бай­­қай бермейтін, бірақ шаһар тірші­лігінің басты тамыры болып тұрған ең­­бек майданы. Сол май­данның алғы ше­­­бінде – бас қаланың әр бұрышын қалт жібермей қадағалап, тәр­тібі мен та­­­залығын мінсіз күйде ұс­тап жүрген «Астана Тазалық» ЖШС-ның жанкешті жұ­мысы тұр.

Жауапкершілігі жоғары жұмыс

Елорданың, оның шет аймақтары мен елді мекендерінің санитар­лық жағдайын қамтамасыз ету, тұрмыс­тық қалдықтарды жинау мен шығару – «Астана Тазалық» мекемесінің негізгі мін­деті. Сонымен қатар серіктестік су басу қаупінің алдын алып, кәріз жүйе­лерін үздіксіз бақылап отырады. 
Сонау 2008 жылы 600 қызметкермен жұ­мысын бастаған кәсіпорын бүгінде 2 000-нан астам адамның еңбегіне сүйе­не­ді. Мыңдаған жұмысшы күн сайын қала­ның көшелері мен даңғылдарын, тротуар мен алаңдарын қолмен және тех­ника көмегімен тазартып, қаланың тәртібін сақтауға үлес қосады. Сондай-ақ автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолды уақытылы тазарту, қар мен мұзды дер кезінде жи­нау – мекеме жұмысының аса маңызды бөлігі. Табиғат тосын мінез танытқанда, әсіресе, аязды күндер мен боранды түн­дер­де бұл жауапкершілік екі еселене түседі.

– Біздің жұмыстың басты шарты – ұқып­тылық пен тиянақтылық. Мұны кез келген адам атқара алмайды. Кесте күр­делі, жұмыс көлемі де аз емес. Менің бө­лі­мімде штатта 40 жол жұмысшысы бар, оған күн сайын сырттан тартылатын жұмысшылар қосылады. Кейде олардың са­ны 25 болса, кейде 30 адамға дейін же­­теді. Жалпы алғанда, ЭКСПО аумағы бойын­ша күн сайын 45-50 адам еңбек етеді. Олар автобус аялдамаларын, тро­туар­ларды, қоғамдық орындарды ретке кел­тіреді. Әсіресе, мектептер, балабақ­ша­лар, ауруханалар орналасқан аумақ­тың тазалығы – біздің тікелей мін­де­ті­міз, – дейді Қолмен жинау бөлімінің бас­шысы Еркебұлан Ерғалиев.

Еркебұлан Ерғалиев

Астана – халықаралық деңгейдегі сая­­си орталық. Президенттің маңызды кез­­десулері мен әлемдік форумдар жиі өте­­тін ЭКСПО алаңы әрдайым мінсіз кө­­рінуге тиіс. Мұндай күндері жұмыс­шы­лар­дың жүгі де екі есе артады.

– Қаланың әр күні біз үшін маңызды, әр қонақ – құрметті. Сондықтан ха­лық­ара­лық іс-шара барысында жұмыс кү­шей­тіледі. Бірақ біздің басты қағидамыз еш өзгермейді. Ең алдымен – қауіпсіздік, содан соң – мінсіз тазалық, – дейді Еркебұлан Ерғалиев.

Жайлы жағдай

Елорданың тазалығы ауа райына да, демалыс не мереке күндеріне де қарамай, тәулік бойы тоқтаусыз жүр­гі­зіледі. Қала тынысын қамтамасыз ете­тін бұл жүйе үш ауысымнан тұрады. Бірін­ші ауысым таңғы 06:00-де басталып, 15:00-де аяқталады. Екінші ауысым түскі 12:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасса, үшін­ші ауысым түнгі 20:00-де басталып, таң­ғы 05:00-де бітеді. Бұл – жай ғана жұ­­мыс кестесі емес, қарбалас тіршілікті ең­серіп тұрған механизм.
Әр ауысымдағы жұмысшыларға де­малуға және тамақтануға арнайы 2 сағат бе­ріледі. Мекеме аумағында қызмет­кер­лерге арналған жайлы тынығу бөлмелері бар. Демалыс уақыты аяқталған соң ар­найы көлік оларды жұмыс учаске­ле­рі­не жеткізіп, ауысым соңында қайта алып кетеді.
Қыстың қақаған аязында, боран жол­­­ды жауып тастаған күндерде жұ­мыс­шы­лардың қауіпсіздігі басты назарда бо­ла­ды. Үйлеріне жетуге мүмкіндік бол­май қалғандар мекеме жатақханасында қонады. Мұнда үш мезгіл ыстық тамақ бері­­леді. Ал тәулік бойы кезекшілік ат­қа­­­­ратын жүргізушілер мен маши­нис­терге арналған демалыс орындары то­лық жабдықталған: жұмсақ төсектер, ты­нығу бөлмелері, душ, санитарлық стан­салар қарастырылған. 
Өндірістік база аумағындағы асха­на­­лар тұрақты жұмыс істейді, қажет бол­ған жағдайда ыстық тамақ жұмыс ор­нына дейін жеткізіледі. Сарышұнақ аяз­да ауыр техникамен қар күреп, мұз ойып жүрген мамандар үшін бұл аса маңыз­ды қолдау.

Жұмысшылар жатақханасы

Серіктестік қызметкерлерінің меди­ци­налық сақтандыруы толықтай меке­ме­нің есебінен төленеді. Ал көлік жүр­гізу­шілері әр ауысым басталар алдында жә­не жұмыс соңында міндетті түрде ме­дициналық тексерістен өтеді. Дис­пет­чер­лік пункттегі медицина қызмет­кер­лері олардың қан қысымын, дене қыз­уын өлшеп, алкотест жүргізеді. Тек осы­­­дан кейін ғана жұмысқа рұқсат бе­рі­­­леді. Бұл – күн сайын қайталанатын, қа­­таң сақталатын тәртіп.
«Астана Тазалық» үшін ең басты құн­дылық – оның қызметкерлері. Осы ап­та­да мекеме 10 жұмысшыға қызметтік пә­тер кілтін табыстады. Жатақхананың бірін­ші қабатындағы арнайы 10 бөлме толық жөндеуден өтіп, пәтер үлгісінде қайта жабдықталған. Бұл – ұзақ жыл бойы тұрақты қызмет етіп, қаланың тазалығын сақтауға өзіндік үлесін қосқан мамандарға көрсетілген құрмет пен қолдаудың айқын белгісі.

– Қызметтік пәтерлер толықтай жиһазбен, тұрмыстық техникалармен қамтамасыз етілген. Әр бөлмеде жеке ас үйі, демалатын аймағы бар. Пәтерлерді бөлісуде 8 жылдан астам уақыт еңбек еткен, жұмысында жоғары көрсеткіш та­нытқан қызметкерлерге басымдық беріл­ді. Алдағы уақытта 5 жылдан көп ең­­бек еткендерге де кезең-кезеңімен беріл­мек, – дейді «Астана Тазалық» ме­ке­месінің Әкімшілік-шаруашылық бө­лімі­нің басшысы Альберт Есалиев.

Одан бөлек, жол жұмысшыларына арналған тұрмыстық және демалыс бөл­ме­лері күрделі жөндеуден өтіп, толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Бұл – коммуналдық сала қызметкерлерінің жұ­мыс жағдайын жақсартуды көздеген ауқымды әлеуметтік бастама. 
Жаңартылған жатақханада 200 адамға арналған демалыс бөл­мелері ашылды. Енді жұмысшылар күн­делікті ауыр еңбектің арасында тыны­ғып, шайын ішіп, жылы жерде күш жи­най алады. Бөлмелер заманауи тех­ни­камен жабдықталған: шай қайнататын бұрыш, ыстық тамақ ішуге, киімін түзеп, ке­лесі ауысымға тың күйде шығуға лайық­талған орын қарастырылған.

Алғаш болып бөлмелерді көрген жол жұ­мысшысы Мадат Тұяқбаев өз риза­шы­лығын жасырмады: «Бұрын мұндай мүм­кіндік болмады. Қазір жылы жерде оты­рып тынығуға жағдай бар. Қара­пайым ғана нәрсе болып көрінгенімен, жұ­мысқа үлкен көмек береді», – дейді ол.

Бұл жоба еңбек адамына құрметті арттырып қана қоймай, коммуналдық саладағы жалпы еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

– Біздің мақсатымыз – тек қаланың та­залығын сақтау емес, бұл жұмысты атқарып жүрген әр қызметкердің жағ­дайын жақсарту. Демалыс бөлмелері қыз­меткерлердің денсаулығын қорғауға, еңбектің өнімділігін арттыруға бағыт­тал­ған маңызды қадам. Еңбекті бағалау – біз­дің кәсіби әрі азаматтық борышымыз, – деді «Астана Тазалық» ЖШС бас дирек­торы Замир Сағынов.

Серіктестік алдағы уақытта да еңбек адамын қолдауға арналған әлеуметтік бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені бас қаладағы тазалық пен тәртіп ең алдымен осы мамандардың маңдай терімен, күнделікті табанды еңбегімен келеді.

Темірге де күтім керек

Ала таңнан қара кешке дейін қала кө­шесін шаршамай аралайтын – тек жұ­мысшылар ғана емес. «Астана Таза­лық­тың» әрбір техникасы да қысы-жазы тоқтамай «еңбектенеді». Күндізгі ауысым өз жұмысын аяқтап, кеш батқан кезде түн­гі колонна сапқа тұрады. Сол екі-үш са­ғаттық үзілісте ғана темір тұлпарлар ты­ныс алып, қозғалтқышы суып үлге­реді. Артынша тағы да жолға шығып, қа­ланың әр бұрышын аралап кете береді. 
Демалыссыз жұмыс істейтін тех­ни­каларды күтіп-баптау да оңай шаруа емес. Күтім жасамасаң, темір де тот ба­са­­ды, тозады, майламасаң – мүжіледі. Сол себепті кәсіпорын техника паркін ерек­ше қадағалайды, уақытылы жөндеп, қажалған бөлшектерін ауыстырып, қоз­ғалтқышын қайта реттеп, әр бұран­д­а­сына дейін тексеріп отырады. Көліктерге орна­тылған GPS пен отын датчиктері бос жүрісті азайтып, отын шығынын 40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бе­ріп отыр. Бұл –  жыл басынан бері 200-300 миллион теңгені үнемдеу деген сөз. Қарапайым көрінгенімен, мұндай үнем жаңа техника алуға, ескіні жаңар­туға, ең бастысы, қала тазалығын үздік­сіз қамтамасыз етуге орай жаратады.
Сонымен қатар жүргізушілердің тәр­тібі мен жол үстіндегі қауіпсіздігін бақы­лау енді жасанды интеллект көмегімен іске асады. Электронды жол парақтары ар­қылы әр техниканың қозғалысы, жанармай шығыны, жұмыс уақыты мен медициналық тексеру деректері бір орталықтан басқарылады. Сондықтан қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген арнайы техника – жай ғана темір емес. Ол – Астананың күнделікті қозғалысын тоқ­татпай ұстап тұрған, қала­ның тірші­лігіне ырғақ бере­тін темір жүрек деуге бо­лады.

Тазалық тірегі – техника

Кәсіпорын автопаркі әлемдік өн­діру­ші­лердің жаңа буын маши­на­ларымен толыққан. Ва­куум­ды жинау техникалары, Peli­can мен МАЗ маркалы ма­шиналар, көпфунк­цио­нал­ды Jetbroom және Unimog U400 сынды жоғары клас­ты арнайы техникалар қаланың та­за­­лығын мінсіз сақтауға жұмыс істей­ді. Мәселен, швейцариялық Wasch ком­паниясының Jetbroom кешені – нағыз әмбебап жүйе. Ол қарды 6 метрге дейін тазалап, мұзды қырып, реагент шашып қана қоймай, жазда жол сыпырып, су сеуіп, тіпті жол жиегіндегі шөпті де шауып кете береді. Ал Unimog U400 – 3,5 мың­нан астам құрал-жабдық орнатуға мүмкіндік беретін ерекше техника. Жүр­гізушілер оның кең шолу мүмкіндігін, автоматтандырылған басқаруын, қыста жылы, жазда салқын жайлы кабинасын ерекше бағалайды.
Қала көшелерін қардан тазалау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Астана Тазалық» тек тиімді әрі жылдам жұмыс істейтін техникаға сүйенеді. Қар та­залайтын, сыпыратын маши­налар тротуарлар мен көшелердегі қар мен мұзды жинап, арнайы контейнерге салады. Қар сүргіш тракторлар жол жие­гіндегі қарды лезде тазартып, көлік қозғалысын реттейді. Фронтальды тие­гіш­тер жиналған қарды тиеп, арнайы по­лигондарға тасымалдайды. Ал құм ша­шатын техникалар қыс мезгілінде мұз қату қаупін азайтып, қауіпсіздікті қам­тамасыз етеді. Жалпы, бүгінде меке­м­енің қарамағында 500-ден астам за­манауи техника бар. Парктің тұрақты жаңартылып отыруы жұмыстың тиім­ділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін зиянды да азайтады.

Болашаққа бағдар

Тазалыққа жауапты бас мекеменің болашақ бағыты – экология тұ­рақ­тылығы мен технологияны жаңғыру. «Астана Тазалық» қалдықсыз өмір сал­тын қалыптастыру үшін қайта өңдеу әдіс­терін енгізуді, жасанды интеллект кө­мегімен көше тазалығын бақылау мен тех­никаны басқару жүйелерін жетіл­діру­ді жоспарлап отыр. Экологияға зия­ны аз заманауи көліктерді пайдалану ар­қылы қала ауасын жақсарту көзделсе, Астананы «жасыл қала» ету мақсатында кө­гал­дандыру, жасыл белдеулерді кеңей­ту жұмыстары тоқтаусыз жалғаспақ.
Елордада 820 көше болса, соның 226-сының, яғни 453 шақырым аумақ­тың тазалығына дәл осы серіктестік жауап береді. Бұл – қала көшелерінің 40 пайызы.
«Астана Тазалық» елорданың жайлы­лығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың біріне ай­налды. Мекеменің дамуы – Астананың дамуы. Қала келбетінің сақталуы, кө­шелердің таза болуы – құлқын сәріден тұ­рып, қараңғы түскенше, тіпті таң ат­қанша тынымсыз еңбек ететін жұмыс­шылардың жанкешті еңбегінің арқасы. Қаланың әр бұрышын бес саусақтай біле­тін, әр қадамын қамқорлықпен таза­лайтын, өз ісіне шын берілген маман-дар қандай құрметке де лайық екені анық. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары