Дүкен сөрелерінде таңдау көп болғандықтан, «кір жуатын ұнтақ алған дұрыс па, гель алған дұрыс па?» деген сұрақ жиі туындайды. Әр құралдың өз артықшылығы мен шектеуі бар. Таңдау киімнің ластану деңгейіне, материалына және жуу режиміне байланысты. Төменде екі өнімнің негізгі айырмашылықтары көрсетілген, деп хабарлайды turkystan.kz bestproducts.mail.ru-ға сілтеме жасап.
Ұнтақ пен гельдің мақсаты бір – матаны тазарту. Бірақ құрамындағы заттар мен әсер ету механизмі әртүрлі.
Ұнтақтың ішінде күшті беттік-белсенді заттар, суды жұмсартатын компоненттер, ағартқыштар жиі болады. Олар май, кір, ескі дақ секілді терең сіңген ластануды жақсы кетіреді.
Гельде ПАВ су ерітіндісінде болады. Оның құрамына көбіне жұмсақ әсер беретін табиғи экстракттар, энзимдер, кондиционерлер мен хош иістендіргіштер кіреді. Гель тез ериді және матадан оңай шайылады.
Ұнтақ қатты, ескі, майлы немесе терең сіңген кірді кетіруде тиімді. Әсіресе жоғары температурада (60–90 °C) жақсы жұмыс істейді. Гель 30-40 °C температурада жақсы нәтижеге жетеді. Ол жеңіл күнделікті кірге жарайды, бірақ өте ауыр дақтарда тиімділігі төмендеуі мүмкін.
Ұнтақ кейде толық ерімей, мата талшықтарының арасында қалып қоюы мүмкін. Бұл киімнің өңін кетіріп, қатайтып жіберуі немесе ақшыл із қалдыруы ықтимал. Сонымен қатар, ұнтақ шаң шығаратындықтан, аллергиясы бар адамдарға қолайсыз болуы мүмкін.
Гель толық ериді, шаң шығармайды және оңай шайылады. Сондықтан ол балалар киімі, жібек, жүн секілді нәзік маталар немесе аллергиясы бар адамдарға арналған киімдер үшін жиі ұсынылады.
Гельді құю, өлшеу оңай – қақпағы өлшем ретінде қолданылады. Қаптамасы ықшам және төгілмейді. Ұнтақ арзанырақ әрі үнемді, бірақ қорабы көп орын алады, дұрыс сақталмаса ылғал тартып, қатып қалуы мүмкін. Мөлшерін дәл анықтау да әркез оңай емес.
Қайсысын таңдаған дұрыс? Күнделікті, жеңіл кірді жуу, матаның түсі мен жұмсақтығын сақтау маңызды болса, гель қолайлы. Ол жұмсақ, аллергия тудырмайды және жақсы шайылады. Ал қатты кірленген, жұмыс киімдері, сүлгілер мен төсек жабдықтары сияқты терең тазалау қажет кезде, ұнтақ тиімдірек.