Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін зейнетақы жинағын ала алмайды

/
Енді қазақстандықтар көзін емдету үшін зейнетақы жинағын ала алмайды
istockphoto.com

Бүгін, 4 желтоқсанда, enpf-otbasy.kz платформасы арқылы офтальмологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану бойынша өтінімдер қабылдау аяқталады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Банк өкілдері осы күнге дейін жолданған өтінімдер қабылданып, белгіленген тәртіппен қаралатынын мәлімдеді.

«Офтальмологиялық қызметтер бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтату Денсаулық сақтау министрлігінің біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану қағидаларына енгізген өзгерістеріне байланысты. 2025 жылдың 3 желтоқсанында тиісті бұйрық жарияланды. Бұл қағидалар бойынша зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге ғана емес, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат беретін норма алынып тасталды», — делінген қаржы ұйымының хабарламасында.

Қазіргі уақытта банк қарауында «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңгені құрайтын 15 808 өтінім бар.

Сонымен қатар, 4,6 млрд теңге болатын бес мыңнан астам өтінім бойынша банк қызметкерлері құжаттарды тексеріп жатыр, ал 8,7 млрд теңгеге тең 10 677 өтінім бойынша клиенттерден қосымша құжаттар талап етіледі.

«Стоматологиялық қызметтер бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артты. Егер 15 қыркүйекке дейін айына орташа есеппен 174 өтінім мақұлданса, стоматологияға шектеу енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш айына 1 264 мақұлданған өтінімге дейін өсті — яғни 7 еседен аса артты», — деп хабарлады Отбасы банкі.

Банк қызметкерлері бірқатар күмәнді жағдайларды анықтағанын да атап өтті.

«Атап айтқанда, әртүрлі клиенттерден бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасасқан өтінімдер түсті. Алайда құжаттарда әртүрлі қалалардағы әртүрлі мекенжайлар көрсетілген. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде көрсетілген мекенжайларда мұндай клиника жоқ екені анықталды», — делінген хабарламада.

Банк өкілдері қазақстандықтардың әлі де өмірлік маңызы бар және қымбат ем түрлерін зейнетақы жинақтары есебінен төлеу мүмкіндігі сақталатынын айтты.

Бұған дейін стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын жұмсауға тыйым салынған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары