Биыл тоғыз айда Қазақстанда 84 мыңнан астам жұп некесін ресми тіркеген. Неке қию көрсеткіші бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Екінші орында – Астана қаласы, ал үздік үштікті Түркістан облысы түйіндейді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Азаматтарға арналған үкіметтің мәліметінше, қазақстандықтар отбасын құру үшін көбіне жаз айларын таңдаған. Атап айтқанда, ең көп неке маусым айында тіркелген. Осы кезеңде 15 192 жұп шаңырақ көтерген.
Екінші орында – тамыз айы. Жаздың соңғы айында 11 761 жұп некесін қиған. Ал шілде айында 11 674 неке тіркеліп, бұл ай үздік үштікке енген.
Төртінші орында қыркүйек айы тұр. Күздің алғашқы айында 9 855 жұп отбасын құрған. Ал сәуір айында 8 001 неке тіркеліп, үздік бестікті түйіндеген.
Осылайша, неке ең көп тіркелген бес айдың үшеуі жаз мезгіліне тиесілі. Аталған айларда барлығы 56 483 неке қиылды.