Индонезияның Суматра аралында болған ауқымды су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 700 адамнан асқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Ұлыбританияның The Guardian газеті елдің Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық агенттігіне (BNPB) сілтеме жасап жазды.
Мәліметке сай, Суматрада шамамен 3,2 млн адам апат аймағында қалған, 2 600 адам жараланған. Қауіпті аудандардан шамамен 1 млн тұрғын эвакуацияланған. Құтқару жұмыстары қиындап жатыр, өйткені жолдар мен көпірлер қираған, кей өңірлерге жету мүмкін емес.
Ең көп зардап шеккен Ачех провинциясында базарларда негізгі азық-түлік таусыла бастаған, олардың бағасы үш есе қымбаттап кеткен. Гуманитарлық ұйымдар жеткізілімдер алдағы жеті күнде қалпына келмесе, өңірде азық-түлік тапшылығы қатты сезілетінін ескертіп отыр.
Газеттің хабарлауынша, қалыптан тыс күшті муссон жаңбырлары мен сирек кездесетін тропикалық дауыл тудырған табиғи апат Шри-Ланка мен Таиландтың оңтүстігіне де әсер еткен. Жалпы қаза тапқандар саны 1 300 адамнан асқан.