Астанадағы тіс емханасында көз жұмған 3 жастағы қызға қатысты сотта дәрігерлердің қызды құтқаруға тырысқан сәті түсірілген видео көрсетілді, деп хабарлайды turkystan.kz stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Сағат 14:06-дан 15:04-ке дейін дәрігерлер қыздың жүрегін іске қосуға тырысып, оған шұғыл медициналық көмек көрсеткен, алайда баланы құтқару мүмкін болмады. Кадрлардан бөлмеде бөгде ер адамның болғаны да байқалады.
Ал сағат 14:56-да жедел жәрдем бригадасы келген.
Видеодан дәрігерлердің ата-ананы бірден шақырмағанын байқауға болады, ата-анасы палатаға кіргенде қыздарының көз жұмғанын көреді.
Прокурордың “неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңыз?” деген сұрағына айыпталушы былай деп жауап берді:
“Жедел жәрдем бригадасы дәрігер мен фельдшерден тұрады. Дәрігер – реаниматолог емес, сондықтан олардың міндеті тек науқасты жансақтау бөліміне жеткізу. Мен реаниматологпын, әріптесім де солай. Біз кәсіби реанимациялық көмек көрсеттік, ал жедел жәрдем негізінен базалық көмек көрсетеді”, – деді айыпталушы.