Электр энергиясы мен газ бағасының өсуі отандық өнеркәсіптің дамуына кері әсерін тигізіп отыр.«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетовтің Премьер-Министр Олжас Бектеновке өңдеу өнеркәсібі орындары үшін төмендетілген тарифтік тәсілдерді әзірлеу жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мархабат Жайымбетов тарифтік саясатты қайта қарауды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, электр қуаты қымбаттаған сайын өңдеу саласы ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетін жоғалта бастады. Баспасөздегі ақпараттарға сәйкес, еліміздегі бес ферросплав зауытының төртеуі дәл осы себептен өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр болған.
– Ферросплав зауыттарына төмендетілген тариф беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бірақ қиындық тек оларда емес. Машина жасау, химия, тамақ өндірісі, шыны және цемент зауыттары да электр энергиясына қатты тәуелді. Бұл кәсіпорындарға арналған нақты қолдау тетіктері әлі толық қалыптаспаған, – деді Жайымбетов.
Газ тарифтері бойынша жағдай одан да алаңдатарлық. Қолданыстағы заңнама бойынша жылына 10 млн текше метрден астам газ тұтынатын кәсіпорындар «ірі коммерциялық тұтынушы» санатына енгізіледі. Депутат бұл талап өңдеу өнеркәсібінің технологиялық ерекшеліктерін ескермей отыр деп санайды.
Мысалы, шыны өндірісі газды тек өндірістік шикізат ретінде пайдаланып, қайта сатпайды. Соған қарамастан, бір жыл ішінде олардың газ тарифі екі есеге өсіп, әрі қарай да әр алты ай сайын 20% қымбаттап келеді.
– Шыны өнеркәсібі – ұлттық экономиканың негізгі саласы. Медициналық құты, тағамдық тара мен құрылысқа арналған шыны болмаса, көптеген сала тоқырайды. Тарифтердің өсуі қазақстандық өнімді ресейлік баламадан 33% қымбаттатып жіберді. Үш зауыттың екеуі ғана жұмыс істеп тұрғаны – соның салдары, – деп мәлімдеді депутат.
Осы мәселелерді шешу үшін Мархабат Жайымбетов үш нақты ұсыныс айтты:
- Өңдеу өнеркәсібіне арналған электр энергиясы тарифін төмендету критерийлерін нақтылап, бірыңғай ереже бекіту;
- Шыны өндірісі және үздіксіз технологиялық циклі бар зауыттарды газды шикізат немесе отын ретінде пайдаланатын санатқа қосу не әділ тариф белгіленетін жаңа топқа ауыстыру;
- Технологиялық ерекшеліктер мен саланың әлеуметтік-экономикалық маңызын ескеретін газ тарифін қайта қарау.
Депутаттың пікірінше, аталған өзгерістер өндірістің шығындарын азайтып, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ол Үкіметті өнеркәсіпті қолдауға бағытталған тиімді тарифтік саясат қалыптастыруға шақырды.