Өнердің адам ағзасына тигізетін әсері биологиялық деңгейде дәлелденді. Лондондағы King’s College университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде музейде түпнұсқа картиналарды тамашалау стресс гормондарын азайтып, иммундық жүйенің жұмысын жақсартатыны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында 18-40 жас аралығындағы 50 адам екі топқа бөлінді: бірі Мане, Ван Гог, Гоген және Тулуз-Лотрек секілді суретшілердің түпнұсқа туындыларын галереяда тамашаласа, екіншісі сол картиналардың көшірмелерін зертханада қарады. Қатысушылардың жүрек соғысы, температурасы және сілекей үлгісі арқылы стресс деңгейі мен иммундық реакциясы өлшенді.
Нәтиже таңғаларлықтай болды: нағыз картиналарды көргендердің кортизол (стресс гормоны) деңгейі орта есеппен 22%-ға төмендеді. Ал зертханада көшірмелерді көргендердің көрсеткіші небәрі 8% болды. Сонымен қатар, қабынуға әсер ететін цитокиндер (IL-6 және TNF-α) 30%-ға және 28%-ға азайды.
Ғалымдар бұл мәліметтер өнердің тек эмоциялық әсерімен шектелмейтінін, ағзаның физиологиялық күйін тұрақтандырып, жүрек ауруы мен депрессия сияқты дерттердің қаупін төмендететінін айтады.
Зерттеудің жетекшісі Тони Вудс: «Өнер бізді тек рухани тұрғыда ғана емес, биологиялық тұрғыдан да тыныштандырады. Мәдени тәжірибе ақыл мен тәнді қорғаудың табиғи жолы саналады».
Бұл тәжірибе ғылыми қауымдастықта алғаш рет өнердің иммундық және гормондық жүйеге әсерін дәлелдеп отыр. Ал Art Fund ұйымы зерттеу нәтижелері адамдарды музейлер мен галереяларға жиі баруға шабыттандырады деп үміттенеді.