«Үйіме нұр әкелген адал жарым»: Астанада қаза тапқан фельдшердің жұбайы қоштасу хатын жазды

/
«Үйіме нұр әкелген адал жарым»: Астанада қаза тапқан фельдшердің жұбайы қоштасу хатын жазды
жеке парақшасынан

Елордада жарақат алған адамдарды құтқармақ болып, көз жұмған жас фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Марқұмның жолдасы, дәрігер Әділет Зейнел отбасына тілекші болған халыққа алғыс білдірді.

«Шаңырағыма сән, тіршілігіме мән болдың... Маңдайыма сыймадың ба, періштем, сен менің мәңгі жүрегімдесің.

 Ешқандай медаль да, ешқандай сөз де менің жүрегімнің иесін маған қайтара алмайды. Үйіме нұр, құт және береке әкелген, Алла қосқан адал жарымның тілеуін тілеген бүкіл қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын сұрап, қасында болып, дұға еттім. Сабыр сақтап, бәрін сабырға салдым. Ендігі тілегім соттың әділ өтуі, тергеудің таза жүргізілуі. Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін бұл істі соңына дейін жеткізуім керек. Жауаптылар жазасын алуы тиіс!», – деді ол.

18 қарашада Ұлдана Мырзуан ауыр жарақаттан ес жимаған күйі аурухана төсегінде көз жұмды. Марқұм «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Еске салайық, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, 5 адам зардап шеккен болатын. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуан да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан кезде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары