Мәскеуге мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Владимир Путинмен бірге Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс арқылы қатысқан-тын. Биылғы басқосу тақырыбы «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды. Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаев аталған өңіраралық форумның маңызын айта келе, форум аясында Волгоград, Орынбор және Саратов облыстарымен ынтымақтастық орнатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Қазақстан-Ресей" өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бастап екі ел Президенттерінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп келеді. Алдыңғы жылы өткен ХХ форумда (2024 жылғы қараша, Уфа) өңіраралық құжаттарға қол қойылып, декларациялардан іске асыруға көшу қажеттігі атап өтілді.
Форумның басты мақсаты – өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту, екі елдің шекаралас облыстары арасындағы экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық байланыстарды кеңейту арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту болып табылады.
Іс-шараның тақырыбы – "Жұмысшы мамандықтар-экономика өсімінің драйвері". Негізгі мақсат – екі елдің өңірлері декларациядан нақты істерге көшу үшін білікті жұмысшы кадрларды даярлауда, инфрақұрылымды дамытуда және бірлескен жобаларды іске асыруда күш біріктіре алатын платформаны қалыптастыру", – дейді Нұржан Өтепбаев.
Оның айтуынша, аталған форум – тараптар өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде цифрландыру, жасанды интеллект, көлік және логистика, АӨК, өнеркәсіп және энергетика саласларында білікті жұмысшы кадрларды даярлау, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және екі елдің кәсіпорындары арасындағы кооперация мәселелерін талқылайтын қалыптасқан дәстүрлі байланыстардың жалғасы.
"Облыс негізінен макарон өнімдері мен ұнды ("Желаев нан өнімдері комбинаты" АҚ және "Белес" ЖШС), трансформаторларды (Орал трансформатор зауыты), мұнай өнімдерін ("Конденсат" АҚ), әйнектен жасалған бұйымдарды ("Стеклосервис" ЖШС) және т. б. компаниялар экспорттайды.
Сонымен қатар, біздің облыс қаптама, сорғы-компрессорлық және бұрғылау құбырлары сияқты тауарларды импорттайды. Аталған іс-шараны өткізу Қазақстан мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал ететін болады. Өткізілген іс-шараның қорытындысы бойынша Волгоград, Орынбор және Саратов облыстарымен ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды", – дейді басқарма басшысы.