Көпшілікке арналған бассейндердегі су сырт көзге таза көрінгенімен, ол әрдайым қауіпсіз бола бермейді. The Conversation журналында жарияланған АҚШ-тың Квиннипэк университетінің инфекциялық аурулар жөніндегі маманы, иммунолог Лиза Кучараның айтуынша, бассейн суында түрлі микроағзалар мен химиялық қосылыстар жиналып, кейде тері тітіркенуінен бастап ішек инфекцияларына дейінгі ауруларға себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Хлордың су тазалаудағы тиімділігі жоғары болғанымен, ол бірден әсер етпейді және барлық микробтарды жоя алмайды. Мысалы, криптоспоридий деп аталатын паразит хлорланған суда екі аптаға дейін тірі қалуы мүмкін, ол асқазан-ішек ауруларын тудырады. Сондай-ақ синегной таяқшасы (Pseudomonas aeruginosa) сияқты бактериялар да хлорға төзімді келеді, тері инфекциялары мен сыртқы отит ауруларын қоздырады. Кейбір вирустар да суда ұзақ сақталып, жұғуы ықтимал.
Маманның айтуынша, судың тағы бір қауіп көзі – адамдардың өздері. Тіпті душ қабылдағаннан кейін де тер, зәр, тері жасушалары және басқа да органикалық қалдықтар суға түседі. Бұл заттар хлормен әрекеттесіп, хлораминдер деп аталатын қосылыстар түзеді. Олар адам ағзасына зиян тигізіп қана қоймай, бассейнге тән өткір «хлор иісін» де тудырады. Яғни, қатты иіс шықса, судың тым таза емес, керісінше, химиямен ластанғанының белгісі.
Кучара көпшілік бассейндерде шомылу қауіпін азайту үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет дейді:
- суға түсер алдында міндетті түрде душ қабылдау;
- жұқпалы аурулар, ашық жаралар немесе тері тітіркенуі кезінде шомылудан бас тарту;
- су жұтпауға тырысу;
- балаларды бақылауда ұстау және судың тазалығына назар аудару.
Дәрігердің айтуынша, дұрыс санитарлық шаралар мен бассейн әкімшілігінің қатаң бақылауы жағдайында мұндай орындарда шомылу денсаулыққа қауіпсіз болуы мүмкін. Бірақ өткір хлор иісі мен көздің ашуы – судың қатты ластанғанының белгісі, ондай кезде шомылудан бас тартқан жөн.