Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және оған қатысты заң жобаларының бірінші оқылымы өтті. Депутат Берік Бейсенғалиев талқылау барысында жаңа заңның банк жүйесін жаңғырту мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Бүгінгі банк заңнамасының реформалары – соңғы жылдары қабылданған қаржы секторын дамыту бойынша кешенді шаралардың жалғасы. Жаңа заң нарыққа жаңа қатысушылардың келуіне жағдай жасап, бәсекелестікті арттыруға, цифрлық қаржы технологияларын дамытуға және банктердің экономиканы несиелендіруге белсене қатысуына бағытталған, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, базалық лицензия енгізу арқылы банк нарығына қол жеткізу жеңілдейді.
– Елдегі көптеген ірі микроқаржы ұйымдары қазірдің өзінде жеткілікті капитал жинаған. Олар аймақтық банкке айналып, шағын және орта бизнеске несие беру мүмкіндігіне ие болады. Қаржы нарығында ойыншы көп болған сайын, бәсекелестік те артады. Бұл өз кезегінде экономиканы несиелендіруді күшейтеді, – деді ол.
Депутат қаржылық сауат мәселесі өте өзекті екенін айтты. Сондықтан жаңа заң банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылауды күшейтеді.
– Енді қаржы ұйымдары несие бермес бұрын қарыз алушының төлем қабілетін мұқият тексеруге міндетті. Банктер жарнама немесе қысым арқылы қосымша өнім ұсынуға тыйым салынады. Барлық комиссиялар мен төлемдер туралы толық ақпарат ашық көрсетілуі тиіс, – деді Бейсенғалиев.
Оның айтуынша, мінез-құлықтық қадағалау енгізу – банктердің азаматтармен қарым-қатынасында әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Депутат несие саласындағы интернет-алаяқтыққа қарсы соңғы екі жылда қабылданған маңызды өзгерістерді еске салды.
– Біз банктер мен микроқаржы ұйымдарын биометриялық сәйкестендіруді міндеттедік. Сондай-ақ азаматтарға несиені алғашқы рет рәсімдеу кезінде банкке жеке келу талабын енгіздіңдер. Бұдан бөлек, 21 жасқа толмағандар мен 55 жастан асқан азаматтарға несие беру кезінде олардың келісімі міндетті түрде сұралады, – деді ол.
Сондай-ақ 24 сағаттық «суыту кезеңі» енгізілгенін атап өтті. Бұл мерзімде азамат қажетсіз несиеден немесе алаяқтықтан қорғана алады.
– Егер банктер мен МҚҰ осы талаптарды бұзса, мұндай несиелер сотқа дейінгі тәртіпте жойылады. Бұл – азаматтарды қорғауға бағытталған нақты норма, – деді депутат.