Үндістанның Чхаттисгарх штатындағы Биласпур ауданында жүк пойызы мен жолаушылар пойызы соқтығысты. Алты адам алған жарақаттарынан көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы India Today журналы жазды.
Алдын ала тексеріс нәтижесінде, апат қала маңындағы жолаушылар пойызы MEMU бағдаршамның қызыл сигналына қарамастан жүріп өтіп, тұрған жүк пойызына соғылғаны анықталған.
Ең қатты соққы жолаушылар пойызының алдыңғы вагонына тиген. Тағы бірнеше вагон рельстен шығып кеткен. Апат салдарынан байланыс желісі мен сигнал беру жүйесі де бүлінді. Соның кесірінен пойыз қозғалысы тоқтады.
Басылым таратқан ресми дерекке сай, бірнеше пойыздың бағыты өзгертілді және тоқтатылды. Оқиға орнына зардап шеккендерге көмектесу үшін медициналық бригадалар жіберілді. Қанша адам жараланғаны әзірге нақтыланбаған.
Қазір апаттың себебі анықталып жатыр. Оқиға болған аумақта теміржол қозғалысын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.