Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында спорт инфрақұрылымын дамыту және халықтың спортпен айналысу мүмкіндігін арттыру жөніндегі шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның деректеріне сәйкес, елімізде 25 760 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 23 678-і – мемлекеттік, ал 2 082-сі – жекеменшік нысандар. Қазақстанда спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі жыл сайын өсіп келеді және бүгінде 55,1 пайызға жетті. Дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 65 пайызға жеткізу көзделген.
Министрдің айтуынша, кейінгі жылдары спорт нысандарын жобалау мен пайдалануда заманауи стандарттар енгізілуде. Олар нысандардың қолжетімділігін, энергия тиімділігін және әмбебаптығын арттыруға бағытталған. Биылғы тоғыз айда 35 спорт нысаны пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 67 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Ірі жобалардың қатарында Түркістан қаласындағы халықаралық деңгейдегі есу арнасы мен Астанадағы Ұлттық спорт университеті бар. Университет білім беру, ғылыми және спорттық бағыттарды біріктіріп, сала мамандарын даярлау мен зерттеу жұмыстарын жүргізетін маңызды орталыққа айналмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталықтарында демеушілердің қаражаты есебінен жаңа футбол стадиондарының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай заманауи стадион пайдалануға берілді. Астанада 3 600 орындық стадионның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар өңірлерде тағы 14 жаңа стадионға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Министрлік балаларға арналған футбол алаңдарын салу жоспарын бекітіп, жергілікті бюджет пен инвестиция есебінен 685 жобаны іске асырып жатыр.
Инфрақұрылымның балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуына ерекше назар аударылуда. Мәселен, Орал қаласында Freedom Шапағат қорының қолдауымен заманауи спорт залы ашылды. Ал Ақтөбе мен Талдықорғанда күрес залдары, бассейндер және фитнес орталықтары бар жаңа кешендердің құрылысы жүріп жатыр.
Елімізде спортқа бейім дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернаттарының желісі жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі таңда осындай 14 оқу орны жұмыс істейді, алдағы уақытта олардың санын барлық өңірде арттыру жоспарланған.
Бюджеттік қаражаттан бөлек, арнайы мемлекеттік және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресурстары да тартылып отыр. Олардың қолдауымен ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін, спорт кешендері мен модульдік залдарды салуға бағытталған ондаған жоба жүзеге асуда.
Ербол Мырзабосынов атап өткендей, министрлік спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жалғастырып, халықтың спортпен тең жағдайда айналысуына және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыра береді.