Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі Премьер-Министр орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке интернет-алаяқтық мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Соңғы бірнеше жыл бойы интернеттегі алаяқтық мәселесі еліміздің күн тәртібінен түспей келеді. Жеке ақпараттың заңсыз жиналуы мен сатылуынан бастап, банк карталары, несиелер және онлайн сервистер арқылы жасалатын алаяқтыққа дейінгі жағдайлар әлі күнге дейін кеңінен кездесуде. Мемлекет қабылдап жатқан іс-шаралар күткен нәтижені бермей отыр. Азаматтарда уәкілетті мемлекеттік органдарға қатысты орынды сын-ескертпелер мен талаптар жинақталуда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да бірнеше рет назар аударған болатын.
2025 жылғы маусым айында болған оқиға ерекше алаңдаушылық туғызды. 16 миллионнан астам қазақстандықтың деректері ашық таралып кетті. Бұл жағдай мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелерде елеулі осал тұстардың бар екенін көрсетті. Бірақ жеке секторда да қатерлер бар – банктер, телеком-компаниялар, маркетплейстер, жанармай құю және сауда желілері адалдық бағдарламалары, мобильді қосымшалар және бонустық жүйелер арқылы үлкен көлемдегі деректерді жинайды. Көбінесе бұл деректер геолокациямен байланысты, бұл оларды әсіресе осал етеді», - деді Ә. Мүтәлі.
Депутаттың мәліметінше, 2024 жылы интернет алаяқтық бойынша 22,9 мың қылмыстық іс қозғалғанымен, олардың басым бөлігі қылмыскерлерді анықтау мүмкін болмағандықтан тоқтатылған.
«Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 14 мыңнан астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 %-ға көп. Онлайн-алаяқтардың негізгі нысанасына зейнеткерлер, жастар және әлеуметтік тұрғыда осал топтар жиі айналады. Оларға ауыр несиелер рәсімделіп, кейін сол қарыздарды төлеуге мәжбүр болады. Бұл қылмыстардан келген залал 6 млрд теңгеден асты. Салыстырмалы түрде 2024 жылы интернет алаяқтық бойынша 22,9 мың қылмыстық іс қозғалғанымен, олардың басым бөлігі қылмыскерлерді анықтау мүмкін болмағандықтан тоқтатылған. Бұл деректер мәселенің ауқымын және қолданыстағы шаралардың жеткіліксіздігін айқын көрсетеді.
Қылмыстық кодексте және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте бар қазіргі санкциялар әрдайым тиімді емес. Мысалы, қолданылатын шаралар компаниялардың ауқымын ескере бермейді. Нәтижесінде, көп ірі ойыншылар жауапкершілікке тартылған жағдайда да, олардың стандарттары бойынша шағын айыппұл төлеп және болашақта деректердің таралуының алдын алу үшін жүйелі шаралар қолданбау тиімдірек», - деді ол.
Ол аталған мәселені халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шешу керегін айтты.
«Халықаралық тәжірибе басқа бағытты көрсетеді. Мәселен Еуропалық Одақта GDPR ережелерін өрескел бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 20 млн еуроға (шамамен 12,5 млрд теңге) немесе компанияның жылдық айналымының 4%-ына дейін жетеді; Қытайда – 50 млн юаньға (шамамен 3,7 млрд теңге) немесе 5% айналымға дейін; Австралияда – 50 млн австралия долларына (шамамен 1,7 млрд теңге) немесе компания табысының 30 %-ына дейін. Мұндай тәсіл тек жазалау құралы ғана емес, сонымен бірге жаңа бұзушылықтардың алдын алудың тиімді амалы болып табылады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтардың жеке деректерін қорғау бойынша шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауы қажет деп санаймын. Атап айтқанда:
- оларды заңсыз пайдаланғаны үшін заңдарда бар жауапкершілік нормаларын барлық жерде қолдану;
- жеке деректердің таралуы мен заңсыз пайдаланылуы үшін жазаны халықаралық стандарттарға сәйкес ұлғайту;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелердің осал тұстарын кешенді түрде тексеру;
- негізгі ІТ-жүйелерге аудит жүргізу;
- тексеру нәтижелері бойынша анықталған тәуекелдерді жою жоспарын әзірлеу.
Бұл қадамдар формалды сипатта қалып қоймауға тиіс, керісінше азаматтарды нақты қорғауға және мемлекеттік жүйелерге деген сенімді нығайтуға бағытталуы қажет.
Үкімет осы ұсыныстарды жедел түрде іске асырып, олардың орындалуына жүйелі бақылау орнатуға тиіс.
Қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген тәртіпте жазбаша түрде ақпарат беруді сұраймын», - деді депутат.