Қазақстан ЕО-ға мұнай жеткізуде екінші орынға шықты

/
Қазақстан ЕО-ға мұнай жеткізуде екінші орынға шықты
сурет: istockphoto.com

Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодаққа мұнай жеткізетін ең ірі елдердің үштігіне кіріп, екінші орын иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz consilium.europa.eu-ға сілтеме жасап.

Еуропалық Одақ Кеңесі мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан Еуроодаққа 55,8 млн тонна шикі мұнай экспорттаған. Бұл көрсеткіш бойынша ел тек АҚШ-тан кейін тұр. Америка 63,5 млн тонна мұнай жеткізген. Ал Норвегия 55,7 млн тоннамен үшінші орынға жайғасты, оның көрсеткіші Қазақстаннан небәрі 100 мың тоннаға аз.

Осылайша, АҚШ, Қазақстан және Норвегия 2025 жылы Еуроодақтың негізгі мұнай жеткізуші серіктестері атанды. Қазақстанның үлесіне ЕО-ға импортталатын шикі мұнайдың шамамен 12%-ы тиесілі.

Жалпы, 2025 жылы Еуропалық Одақ шамамен 435 млн тонна мұнай импорттаған. Оның жалпы құны 212 млрд еуродан асқан. Бұл Еуроодақтың сыртқы жеткізілімдерге әлі де айтарлықтай тәуелді екенін көрсетеді.

Сондай-ақ, соңғы жылдары нарықтағы өзгерістер анық байқалады. Ресей мұнайының ЕО импортындағы үлесі 2021 жылғы 25,8%-дан 2025 жылы 2,2%-ға дейін күрт төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, босап қалған көлем негізінен АҚШ, Норвегия және Қазақстан есебінен толықтырылған. Бұл Қазақстанның жаһандық энергия нарығындағы рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар