ТikTok желісінде арандатушылыққа жол берген азаматтың әрекеті тоқтатылды

/
ТikTok желісінде арандатушылыққа жол берген азаматтың әрекеті тоқтатылды
Polisia.kz

ШҚО-да ұлтаралық араздықты қоздыру дерегі тоқтатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өскемен қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдемелер таратқан азаматтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.

Аталған жайт жергілікті тұрғынның арызы негізінде анықталды. Оның айтуынша, TikTok желісінде тікелей эфир жүргізген пайдаланушы ұлттық негізде балағат сөздер айтып, өзге этнос өкілдерін қорлайтын пікірлер білдірген.

 Жүргізілген тексеру барысында 35 жастағы ер адамның бірнеше аккаунт арқылы тікелей эфирге шыққаны, кейін олардың бірін жойғаны белгілі болды. Эфирлер басқа пайдаланушылардың қатысуымен "батл" форматында өткен. Әңгіме барысында ол, алдын ала болжам бойынша, масаң күйде болып, түрлі этнос өкілдерінің ар-намысына тиетін, қорлайтын әрі арандатушылық сипаттағы сөздер айтқан. Жиналған бейнематериалдарға психологиялық-филологиялық сараптама жүргізіліп, олардың құрамында ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар екені расталды.

 Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарға ескерту жасайды: қорлайтын әрі арандатушылық сипаттағы материалдарды тарату, оның ішінде интернет кеңістігінде, заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Ақпараттық кеңістік — жазасыз қалатын орта емес.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар