4 мың адам 16 млрд теңге салған: Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

/
4 мың адам 16 млрд теңге салған: Шымкентте Nazira Gold қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды
istockphoto.com

Шымкентте төрт мыңға жуық адам зардап шеккен «Nazira Gold» қаржы пирамидасына қатысты аты шулы іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот залында адам көп болғандықтан, ондаған адам сыртта қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс ауқымды: тоғыз айыпталушы, 148 жәбірленуші. Үшеуі қамауда отырса, қалғандары үйқамақта болған. Тергеу екі жылға созылған. Жәбірленушілер — елдің әр аймағынан. Адамдар пайда табамыз деп ондаған миллион теңгесін салып, ақыры бәрінен айырылды. Кейбірі несие алған. Жалпы залал көлемі бір миллиард теңгеден асты.

Басты айыпталушы Назира Нұржан Қылмыстық кодекстің 190, 217 және 218-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның және туыстарының барлық мүлкі тәркіленеді. Серіктестері 1 жыл бостандықты шектеуден 5 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олар жазасын қауіпсіздігі төмен мекемелерде өтейді.

Ал Назира Нұржан сот шешімімен келіспейтінін айтты.

«Біз пирамида құрған жоқпыз. Бостандыққа шыққан соң мұны дәлелдеймін», - деді ол.

Сот сондай-ақ Назира Нұржанға жәбірленушілердің залалының бір бөлігін өтеуді міндеттеді. Талаптардың бір бөлігі қанағаттандырылып, қалғандары азаматтық өндіріске жіберілді. Көптеген жәбірленуші үкімге наразы болып, залды ренжіген күйі тастап кетті.

Сот бірнеше қатысушының әрекеттерін тексеруді және олардың қылмыстық құрамының бар-жоғын анықтауды тапсырды. Басқа жәбірленушілер бойынша тергеу жалғасуда.

Тергеу деректері бойынша, пирамидаға шамамен 16 миллиард теңге салынған, бірақ оның тек 2 миллиарды ғана табылған, қалған қаржының қайда кеткені белгісіз.

Еске сала кетейік, қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларын биыл наурыз айында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ұстаған болатын. Тінту кезінде қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар және 12 килограмм алтын тәркіленді. Ұйымдастырушылар өздерін зергерлік компания ретінде таныстырып, клиенттеріне ай сайын 20–40 пайыз табыс уәде еткен. Нәтижесінде шамамен төрт мың адам олардың тұзағына түскен.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары