Түркістанда «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар инклюзивті спорт фестивалі өтті

/
Түркістанда «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар инклюзивті спорт фестивалі өтті

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы шеңберінде бүгін Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар инклюзивті спорт фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Фестивальде үшінші және төртінші, бесінші және алтыншы, жетінші және сегізінші сыныпқа баратын, ерекше қажеттіліктері балалар жарыс жолына түсіп, өзара мықтыларды анықтады.

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқан іс-шара облыстық партия филиалының жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен өткізілді. Жарысқа барлығы 90 бала, 30 команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатына “AMANAT”партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Құдияров қатысып, сайысқа түсіп жатқан балаларға жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.

«AMANAT» партиясы ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне белсене араласуына тұрақты түрде қолдау көрсетіп жатқанын облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева айтып өтті.

- Әр баланың мүмкіндігі шексіз, сол мүмкіндікті ашуға сенім мен жағдай жасау – біз атқаратын абыройлы міндет. Облыстық партия филиалының Әйелдер қанаты өткізіп жатқан «Тең мүмкіндіктер» балалалар инклюзивті спорт фестивалі биыл екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Өткен жылы бұл фестивалді «Түркістан-Арена» стадионында өткіздік. Биыл фестиваль Түркістанның даңқы болып танылған Бекзат Саттархановтың есімін иеленген спорт кешенінде өткізіп отырмыз. Айта кетуіміз керек, бұл спорт кешені «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы бойынша салынды. Партия бекіткен Жол картасы бойынша Сауран ауданындағы Ораңғай елді мекенінде балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Түлкібас ауданының Рысқұлов елді мекенінде «AMANAT» партиясының қолдауымен аутизм диагнозы бар балаларға арналған орталық жұмысын бастады. Балалар арасындағы тең мүмкіндік қағидасын қолдай отырып, қоғамдағы инклюзивті көзқарасты нығайты береміз. Спорт – ерік пен табандылықтың мектебі. Осы фестивальде өз күшін сынап, ерік-жігерін танытып жатқан балаларымыз – елдің ертеңгі мақтанышы. Олар бізге нағыз рух биіктігінің не екенін көрсетіп отыр», - деді Қалыйма Жантөреқызы.

Инклюзивті спорт фестиваліне қатысушы балаларды қолдау үшін 400-ге жуық жанкүйер келді. Жарыс жолында қимыл-тірек аппаратының және менталдық бұзылыстары бар жас спортшылар боччадан жарысқа түссе, «Біз жеңімпаз боламыз!» деп аталатын эстафеталық жарыстарға қатысқан балалар сызық бойынша жүгіру, шеңбер ішінен өтіп, қолына шеңбер ұстап жүгіру, доппен жүгіру, оны аяқпен домалату, кедергілерден жылдам өту тапсырмаларын орындады. Жеңіл атлетика санаты бойынша жарысқа түскен балалар түрлі қашықтыққа жүгіруден жарысты.

Балалардың спорттық жетістіктерін кәсіби төрешілер тобы бағалады. Оның құрамына енген Мамуржан Раубаев – инклюзивті командалық эстафетаның нәтижелерін тіркеу жүргізсе, Ерлан Жаздықбаев пен Жұпар Сейсенбекова – жеңіл атлетика жарыстарының нәтижелерін тіркеуге алды, ал бочча бойынша жарыс нәтижелерін Бақдәулет Орынбасар тіркеді.

Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спорттық жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді Республика күні мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі бұл тек жарыс емес, ол адамгершілік пен бірліктің, сенім мен жігердің мерекесі екенін айтты. Мұнда әр бала жеңімпаз деп бағалай отырып, әр баланың өмірге, спортқа және өз арманына деген шексіз ұмтылысының өзі оны жеңімпаз деп танытатынын білдірді. Осы іс-шараның өтуіне себепші болған «AMANAT» партиясына, облыстық Әйелдер қанатына алғысын жеткізді.

Жарыс түрлері бойынша жеңімпаз деп танылған барлық командаларға дипломдар мен кубоктарды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева табыстады. Жарыс қорытындысымен әр санат бойынша жеңімпаз деп танылған жекелеген ойыншылар медалдармен және дипломдармен марапатталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары