Соңғы бес жылда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени бірегейлікті нығайту, креативті индустрияларды дамыту және ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Бұл кезеңде өнер саласында ауқымды өзгерістер орын алды. Аты аңызға айналған ұжымдар қайта жаңғырып, Қазақстанның Орталық Азиядағы мәдени орталық ретінде беделі артты.
2020 жылғы елдің жетекші мәдени ұйымдарының мәртебесін көтеру туралы шешім жаңа кезеңнің басталуына негіз болды. Бес негізгі ұжымға, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестріне, М.Әуезов және Абай атындағы театрға, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Ұлттық кітапханаға «Ұлттық» мәртебесі берілді. Осы кезеңде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры республикалық меншікке өтті. Бұл қадам театрдың даму мүмкіндіктерін кеңейтті.
Кейін де мәдени бастамалар көтеріліп, ел үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. 2022 жылы материалдық емес мәдени мұраның екеуі - «Ортеке» қуыршақ би өнері мен Қожанасыр туралы аңыз ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне енді.
Қазақстан эстрадасының символы саналатын «Гүлдер» ансамблі қайта құрылды. Роза Бағланова, Мұхтар Әуезов және Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойларына орай 2 500-ден астам іс-шара өтті, олардың көпшілігі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды.
2023 жылдың соңғы кезеңі стратегиялық жоспарлау кезеңіне айналды. Атап айтсақ, Үкіметтің шешімімен Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат ұзақ мерзімді бағыттарды анықтап, халықаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аясында 660 іс-шара ұйымдастырылды.
Соңғы жылдары Қазақстан мәдениеті күндері бірқатар елдерде (Әзербайжан, Армения, Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Мысыр, Ресей және басқа елдерде) ұйымдастырылды. Қазақстан өнерпаздары қатысқан гала-концерттер, театр қойылымдары, қолданбалы және көркемөнер көрмелері, ұлттық фильмдердің көрсетілімі және этно топтардың музыкалық кештері өтті.
Қазақстан делегациясы Каир қаласындағы жаңадан қалыпқа келтірілген Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс мешітінің салтанатты ашылу рәсіміне және халықтық қолөнер мен өнер көрмесіне қатысты. Ташкент пен Самарқанд қалаларында «Абай» операсының тұсаукесері мен «Қазақконцерт» ұжымының концерті өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Тәжікстан, Әзербайжан және Саха Республикасының (РФ) мәдениет күндерін ұйымдастырды.
Қазақстан мәдениетін әлемдік деңгейде танытуда 2024 жыл маңызды кезеңге айналды. Қазақстан алғаш рет әлемдегіжетекші өнер көрмесі – Венеция өнербиенналесінде өзінің Ұлттық павильонын таныстырды.
Осы жылы Париждегі Гиме Азия өнері музейінде және Қытай Халық Республикасындағы Тяньцзинь музейінде («Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі) Қазақстан өнерінің көрмелері өтті. Астана Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің«Әдемі ханшайым» картинасы таныстырылды. Елдің мәдени ұйымдарын бірегей виртуалды интернет кеңістігінде біріктіретін Qazaq Culture ақпараттық-ағартушылық платформасы іске қосылды. Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтетімен «Бірлік» ансамблі атты екі жаңамузыкалық ұжым құрылды.
2024 жыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен есте қалды, оның ашылу және жабылу салтанатына Димаш Құдайберген қатысты. Ашхабадта Құрманғазы мен Абайдың ескерткіштері, Душанбе мен Қазан қалаларында Абайдың бюстері орнатылды.
2025 жылы мәдени-гуманитарлықынтымақтастық нығайып, бірқатархалықаралық келісімдер жасалды.
«Мерке әулиесі» атты жаңа номинация бойынша жұмыс басталды. «Беташар» ұлттық рәсімі адамзаттың материалдық емесмәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енді. Сонымен қатар, Өзбекстанмен бірлесіп«Кесте–сюзанне» бойынша ортақ номинациялық құжат жолданды.
Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет орталығының құрылуы осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, қос елдің дипломатиялық өкілдері мен шығармашылық қауым өкілдері қатысты.
Орталықтың ашылуы – ұзақмерзімді дипломатиялық ынтымақтастық пен келісімнің жемісті нәтижесі. 2022 жылы Қытай Халық Республикасы Төрағасының Астанаға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанда тең негізде мәдени орталықтар құру жөнінде келісімге келген болатын.
Биыл Ақтау қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі берілді. Бішкек қаласында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылуы өтті. Сонымен қатар, Түркістан қаласының рухани, тарихи-мәдени және туристік орталық ретіндегі мәртебесін айқындайтын «Түркістанқаласының ерекше мәртебесі туралы» заң қабылданды.
Қазіргі технологиялар мәдени дамудың ажырамас бөлігіне айналды. 275 музей, 65 мыңнан астам экспонат және 200-ден аса 3D форматтағы артефакт туралы мәліметтерді қамтитын E-Museum виртуалды музейлер желісі жұмыс істейді. Ұлттық маңызы бар ескерткіштерді сақтау және бақылау мақсатында цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект элементтері енгізілуде.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бес жылдық жүйелі қызметі нәтижесінде отандық өнерпаздар, шығармашылық ұжымдар мен музей мекемелерінің халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін әлемге паш етті. Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы мәдени көшбасшыға айналып, заманауи мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра білген мемлекет ретінде танылды.