Әкімдіктердің инфрақұрылым туралы деректері күмән туғызады – Мәжілісте бюджет трансферттері қаралды

/
Әкімдіктердің инфрақұрылым туралы деректері күмән туғызады – Мәжілісте бюджет трансферттері қаралды
сурет: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында 2026-2028 жылдардағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі қаралды. Депутаттар инфрақұрылым теңсіздігі, бастапқы деректердің сапасы және өңірлердің қосымша кірістерін бөлу ашықтығы секілді түйткілдерді көтерді. Жұмыс нәтижесі ретінде субвенция көлемін 16,5 млрд теңгеге арттыру ұсынылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мәжілісте ұсынылған заң жобасы жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің нормаларын негізге ала отырып, жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңартылған әдістемесін қарастырды. Тірек қағидалар – ең төмен және өңірлік стандарттар жүйесі, сондай-ақ жергілікті кірістерді ынталандыру.

2026-2028 жылдары Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары донор мәртебесін сақтайды. Маңғыстау облысы 2028 жылдан бастап өндіруші сектор мен өнеркәсіптен түсетін салық өсімі есебінен донор мәртебесін қайта иеленеді. Павлодар облысы 2028 жылы субвенциясыз өз шығыстарын толық жабатын, өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірлер қатарына өтеді. Осылайша, кезең соңында елде төрт донор өңір және бір өзін-өзі қамтамасыз ететін облыс қалыптасады.

Осылайша, алдағы үш жылдың соңына қарай Қазақстанда төрт донор-өңір мен өзін-өзі қамтамасыз ететін бір өңір болмақ. Жалпы алғанда, қаралып отырған заң жобасының мақсаттары мен негізгі бағыттары туралы министр өз сөзінде баяндап берді, сондықтан Парламент Мәжілісінде қарау барысында жүргізілген жұмыс туралы ақпар беруге рұқсат етіңіздер. Оны қарау барысында өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, жекелеген объектілер бойынша қаржыландырудың жеткіліксіз болуына, бюджеттік алып қоюлар көлеміне және тағы басқаларға қатысты 60-қа жуық ұсыныс келіп түсті, – деді депутат Еркін Әбіл.

Анықталған мәселелер:

  • Жобаларды аяқтауға республикалық қаржы жетіспеуі жобалардың созылуына, қымбаттауына және өзектілігін жоғалту қаупіне әкеледі.
  • Инфрақұрылымдық алшақтықты қысқарту мақсаты орындалмайды: артта қалған өңірлердің даму бюджеті неғұрлым қамтамасыз етілген аймақтарға шамалас деңгейде ұсынылған.
  • Әкімдіктердің бастапқы деректерінің сапасы күмәнді. Мысал келтірілді: нақты қажеттілік кейбір мәлімделген көлемнен 10 есе аз болып шыққан жағдай бар.
  • Кіріс жоспарын асыра орындаудан түскен 1,5-2 трлн теңге шамасындағы қаражаттың өңірлерде нақты қайда жұмсалатыны туралы Үкіметте толық ақпарат жоқ. Бұл деректер 2024 жылы депутаттардың талабы бойынша жиналған.

Депутаттар басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтауды басымдыққа алып, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ аграрлық бастамаларды қаржыландыру үшін өңірлерге берілетін субвенцияларды 16,5 млрд теңгеге ұлғайтуды қолдады. Қаражат мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығыстары есебінен қайта бөлінуі жоспарланып отыр.

Заң жобасы 7 жұмыс тобы отырысында және Қаржы және бюджет комитетінің 1 кеңейтілген отырысында талқыланған. Барлық комитет қорытынды шығарды. Салыстырма кестеге 65 позиция қабылданды. Қаржы және бюджет комитеті Мәжіліске заң жобасын мақұлдауды ұсынды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары