Қоғамда жалғыз өмір сүруге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын «адам тек отбасының бір бөлігі ретінде ғана өмір сүре алады» деген түсінік үстем болса, қазір жеке өмір басты құндылықтың бірі, деп хабарлайды turkystan.kz америкалық социолог Эрик Кляйненбергтің еңбегіне сілтеме жасап.
1-миф. Адам жалғыз өмір сүруге бейімделмеген
Бұрын қоғам жеке өмірді әлсіздіктің белгісі деп қабылдайтын. Бірақ бүгінгі таңда көптеген адамдар жалғыз тұруды саналы түрде таңдайды. Олар қарым-қатынастан қашпайды, тек жеке кеңістік пен ішкі үйлесімділікті бағалайды.
Қазіргі заманның қарқыны, кәсіби даму мен еркіндікке ұмтылыс адамның өзіне бағытталған өмір салтын қалыптастырды.
2-миф. Жалғыз өмір сүру – азап
Жалғыз тұру мен жалғыздық бір ұғым емес. Біріншісі – таңдау, екіншісі – күй. Көптеген адамдар өзімен болудан ләззат алады, саяхаттайды, дамиды, жаңа адамдармен танысады.
Шын мәнінде, адам өзін толыққанды сезінген кезде ғана басқалармен үйлесімді қарым-қатынас орната алады. Сондықтан жалғыз өмір сүру азап емес, кейде ішкі еркіндіктің ең биік формасы.
3-миф. Жалғыз адам қоғамға пайдасыз
Керісінше, мегаполистердің жаңа мәдениеті мен сервистерінің көбі дәл сол жеке өмір сүретін адамдардың өмір салтына бейімделген.
Бір кісілік пәтерлер, фитнес-клубтар, кофе барлар, жеткізу қызметтері, барлығы да «соло өмірдің» дамуы нәтижесінде пайда болды. Бұл адамдар экономиканың белсенді бөлігі, өз уақыты мен ресурсын тиімді пайдаланады.
4-миф. Қартайғанда бәрі жалғыздықтан қорқады
Зерттеулер көрсеткендей, егде жастағы адамдардың көбі қазір өз бетінше өмір сүруді таңдайды. Олар үшін бұл – тәуелсіздіктің, еркіндіктің және өмір сапасының көрсеткіші.