Моңғолияның премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар отставкаға кетті. Ол төрт ай бұрын ғана осы қызметке тағайындалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Моңғолия премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар отставкаға кетті», — делінген хабарламада.
Оны премьер-министр лауазымына Моңғол халық партиясы ұсынған болатын. 2024 жылғы сайлау қорытындысы бойынша бұл партия Ұлы хуралда — парламентте көпшілік орынға ие болды. Бұған дейін ол 2024 жылдан бастап Моңғолия президенті әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған. 2019–2024 жылдары парламент спикері болған.
Еске салайық, Занданшатардың алдындағы премьер-министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ биыл маусым айында отставкаға кеткен еді. Бұл шешім елде оның ұлының сән-салтанатты өміріне байланысты басталған жаппай наразылықтардан кейін қабылданған.
Бұған дейін Улан-Баторда жастардың бастамасымен премьер-министрдің отставкасын және үкіметтің ашықтығын талап еткен ауқымды наразылық акциялары өткен болатын.