Жамбыл аудандық соты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының азамат А.-ға қатысты әлеуметтік төлемді өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2024 жылдың желтоқсанында жауапкер А. жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға арыз берді. Осыған сәйкес, жауапкерге әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 6 айлық жәрдемақы тағайындалды.
Алайда, жауапкер 2025 жылдың мамыр айынан бастап әлеуметтік төлем алу кезеңінде басқа мекемеде жұмыс істеген. Сондай-ақ, төлемді тоқтатуға негіз болуы мүмкін жағдайлар туралы хабарламаған. Осылайша, жауапкер 230 мың теңге көлемінде артық әлеуметтік төлем алған.
Талап қоюшы А.-дан артық алынған әлеуметтік төлемді өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Сот істі оңайлатылған (жазбаша) тәртіппен қарап, ұсынылған дәлелдемелерді зерделеп, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.
Жауапкер А.-дан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының пайдасына 230 мың теңге мөлшерінде артық алынған әлеуметтік төлем өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.