Әлжуаз топ өкілдері не жұмыссыз, не жалақысыз жәудіреп отыр – депутат

/
Әлжуаз топ өкілдері не жұмыссыз, не жалақысыз жәудіреп отыр – депутат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаттары Елнұр Бейсенбаев пен Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған заң нормалары өңірлерде толық орындалмай отырғанын айтып, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік — қоғамның әлжуаз топтарын жұмыспен қамтитын маңызды бағыт.

«Мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және толық емес отбасының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жұмыссыз жүрген зейнет жасындағы азаматтар осындай кәсіп арқылы өмірін түзеп, қоғамға қайта бейімделе алатын еді», – деді ол.

Сәрсенғалиевтің сөзінше, заңда әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттық қолдау, субсидия, мемлекеттік сатып алуда басымдық және ғимаратты жалға алуда жеңілдік беру қарастырылған. Бірақ іс жүзінде бұл қолдаулар өңірлерде орындалмай отыр.

– Заңда бәрі анық жазылғанымен, әр әкімдік оны өзінше түсініп, әр түрлі талап қойып отыр. Мысалы, әлеуметтік кәсіпкер әкімдікке тиесілі ғимаратты жалға алғысы келсе, жеңілдік берудің орнына толық төлем сұрайды. «NIET WOMAN», «KUTUBU SITTA» секілді әлеуметтік кәсіпкерлер осындай әділетсіздікке шағымданды, – деді депутат.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігіне де бірнеше рет хат жолданған, бірақ нақты шешім қабылданбаған.

«Кәсіпкерлер, әкімдік пен министрлік бір-бірімен ұғыса алмай жүргенде, мүгедек жандар мен аз қамтылған азаматтар жұмыссыз қалуда», – деп сын айтты Сәрсенғалиев.

Депутаттардың ұсынысы:

  1. Әкімдіктерді әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға міндеттеп, оған бюджеттен арнайы қаржы бөлу;
  2. Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктерін нақты бекітіп, түсінікті етіп жариялау;
  3. Барлық өңірлерде жеңілдіктердің бірдей болуын қамтамасыз ету және ғимараттарды жалға беру тәртібін әділ реттеу;
  4. Әкімдіктерге тиесілі ғимараттар туралы ашық база құрып, онда жалға алу шарттары мен жеңілдіктер тізімін көрсету.

– Әлеуметтік кәсіпкерлер масыл емес. Керісінше, олар көмекке мұқтаж жандарды жұмыспен қамтып, қазынаға салық төлейтін қоғам үшін пайдалы күш, – деп түйіндеді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары