Ақмола облысында 40 мың жыл бұрынғы мамонт сүйегі табылды

/
Ақмола облысында 40 мың жыл бұрынғы мамонт сүйегі табылды

Новобратское ауылының маңынан мамонттың төменгі жақ сүйегі мен сүйек қалдықтары табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғашқы талдау нәтижелері бойынша бұл қалдықтар шамамен 40–50 жастағы ересек мамонтқа, яғни 40–15 мың жыл бұрын өмір сүрген жануарға тиесілі екені анықталды.

Бірегей олжаны «Әділет» агрохолдингінің қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Рақышев тауып, бірден Ұлттық музей мамандарына хабар берген. Қазір экспонат музейдің ғылыми зертханасында арнайы температуралық және ылғалдылық режимінде сақталып тұр.

Ғалымдардың пікірінше, табылған жердің маңында мамонттың толық қаңқасы болуы мүмкін. Келесі маусымда кең ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Егер болжам расталса — бұл Қазақстан аумағындағы мұз дәуірі жануарларын зерттеуде ірі ғылыми жаңалық болмақ.

Музейдің мәліметінше, мамонт қалдықтары бұған дейін Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында да табылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары