Алматылық әйел 11 қазаннан 12 қазанға қараған түні 18 жастағы ұлының аяусыз соққыға жығылғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Оны Төле би көшесіндегі “Шашлыкоff” кафесінің алдында бір топ мас адам ұрып-соққан. Бірінші соққыдан ол есінен танып қалған, ал олар оны басынан аяусыз ұрып соғуын жалғастырған. Шамамен 15–20 адам қатысқан, бірақ қазіргі уақытта олардың үшеуі ғана ұсталған», - деді ол.
Алмалы аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жедел іс-шаралардың нәтижесінде оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта олардың әрқайсысының кінәсін және оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция барлық кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатынын, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтті.