Аспаннан жұлдыз "жауады": қашан, қалай көруге болады және не істеуге болмайды?

/
Аспаннан жұлдыз "жауады": қашан, қалай көруге болады және не істеуге болмайды?
сурет: istockphoto.com

2025 жылғы күз астрономия әуесқойлары үшін ерекше оқиғамен есте қалмақ Драконид метеор ағынының шарықтау шегі 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні болады. Бұл  жыл сайын күзде өтетін ең көрнекі және қарапайым көзбен-ақ бақыланатын жұлдыз жауындарының бірі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Метеор ағынының атауы оның шығу нүктесі – Дракон шоқжұлдызына байланысты. Драконидтердің «ата-анасы» –  21P/Джакобини-Циннер кометасы, ол Күнді шамамен 6,6 жылда бір рет айналып өтеді. Жер осы кометаның шаң-тозаң шлейфінің ішінен өткен кезде ұсақ бөлшектер атмосферада жанып, аспанда жарқыраған із қалдырады: біз оны «ағып бара жатқан жұлдыз» ретінде көреміз.

Әдетте, бұл бөлшектердің салмағы бар болғаны 0,3 грамм, ал өлшемі шамамен 0,3 миллиметр ғана. Олар 75-100 км биіктікте жанып, иондалған жарық жолақтарын тудырады.

Драконидтердің басты ерекшелігі – олар баяу қозғалады. Олар аспанда ұзақ уақыт «ағып» бара жатқандай әсер қалдырады және сары немесе қызғылт түске боялғандай көрінеді. Бұл ағынның Жерге қарсы емес, бағыттас қозғалуына байланысты: бөлшектер атмосфераға 20 км/с жылдамдықпен енеді: бұл өзге метеор ағындарына қарағанда екі есе баяу.

Биылғы жылы көрініс айтарлықтай әсерлі болуы мүмкін: сағатына 5-15 метеор көрінуі ықтимал. Бұл – қазан айындағы басқа ағындарға қарағанда көбірек. Ғалымдар кометаның 2025 жылдың наурызында Жер мен Күнге жақындап өтуі салдарынан жаңа шаң қабаты пайда болғанын айтады. Сондықтан биыл Драконид жұлдыз жауыны әдеттегіден жарық әрі әсерлі болуы мүмкін.

Алайда, бұл жылы бақылауға бір қиындық бар: 7 қазанда толық ай туады, сондықтан Айдың жарығы әлсіз метеорларды көруге кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ түннің ортасында немесе таңғы сағаттарда жарық азайған кезде жұлдыз жауынын көру мүмкіндігі жоғары.

Қайда және қалай көруге болады?

– Қала шамдарынан алыс, ашық аспан көрінетін жерге шыққан жөн;
– Телескоп немесе бинокль қажет емес: жай көзбен қарау жеткілікті;
– Бақылауға ең қолайлы уақыт – түн ортасы мен таңғы сағат 3 аралығы;
– Телефонды немесе басқа жарық құрылғыларды өшіріп, көздің үйренуіне уақыт беріңіз.

Астрологтар мен эзотериктердің пікірінше, жұлдыз жауыны кезінде маңызды шешім қабылдаудан, жанжал мен асығыс істерден бас тартқан жөн. Бұл уақытта тыныш ойға шомып, тілек тілеген жақсы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары