Алматыда жедел жәрдем жасөспірімді қағып кетті

/
Алматыда жедел жәрдем жасөспірімді қағып кетті
видеодан скриншот

Алматыда жедел жәрдем көлігі жаяу жүргінші өткелінде 15 жастағы жасөспірімді қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

7 қазан күні Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі қарсы жолақпен келе жатып, жолдан өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кеткен. Жол апаты болған сәт  бейне бақылау камерасына түсіп қалған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен жасөспірім дереу жедел жәрдем бригадасымен №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген.

«Нейрохирург қарап, қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін диагноз қойылды: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, бас пен беттегі жұмсақ тіндердің көгеруі және сол жақ тізе буынының жарақаты», – делінген басқарманың хабарламасында.

Жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

«Қазір пациент нейрохирургия бөліміне жатқызылып, әрі қарай бақылау мен қажетті ем жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары