Абай облысында ет өңдеу зауыты іске қосылады

/
Абай облысында ет өңдеу зауыты іске қосылады
gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегация Абай облысындағы жұмыс сапары аясында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласы мен облыс орталығының іргесіндегі ет өнімдерін өңдейтін, көкөніс өсірумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысымен танысты.  Жаңасемей ауданындағы ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылыс алаңында болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Семей қаласындағы «АРАЙ-EAST FOOD» ЖШС 2012 жылы құрылған. Кәсіпорын «халал» стандартына сәйкес шұжық және ет деликатестерін өндіреді. Мұнда 80-нен астам қайнатылған және ысталған шұжық түрлерін шығарады. Зауыт аумағында инновациялық жабдықтары бар орау желісі және үш өндірістік цех жұмыс істейді. Былтыр қосымша желі іске қосылып, жылдық қуаттылығы 1,8 мың тонна дайын өнімге жетті. Кәсіпорында 120 адам еңбек етеді, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

Биылғы мамыр айында Жаңасемей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспарына енгізілген және ұлттық деңгейдегі басым жоба болып саналады. Кәсіпорын бір ауысымда 35 тонна ет өнімін өңдей алады. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консерві, жартылай фабрикат және деликатес өнімдерін өндіру көзделген. Жоба толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға және экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған. Кешен іске қосылған соң 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.

Семей қаласының іргесіндегі «Агрофирма Приречное» ЖШС 1993 жылы құрылған. Шаруашылық мал және өсімдік шаруашылығын қатар дамытып келеді. Мұнда 110 адам жұмыс істейді. Жалпы егістік көлемі 6 793 гектар, оның ішінде 1 787 гектарға картоп, көкөніс және мал азығы дақылдары егілген. Өнімдер 14 мың тонна сыйымдылығы бар жеті қоймада сақталады. Шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері облыстық тұрақтандыру қорын көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта көкөністестерді жинап, қоймаға тасу жұмыстары жүргізілуде. «Агрофирма Приречное» ЖШС бас директоры Мұхит Тұмабаевтың айтуынша, қоймаға 700 тонна сәбіз, 5 мың тонна картоп жеткізілген.

Министр облыс әкімімен бірге шаруашылықтың сарымсақ, сәбіз, қырыққабат өсіріліп жатқан алқаптарын, көкөніс сақтайтын қоймаларын аралап, 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылыс орнын көрді. Жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба келесі жылы аяқталады.

Айдарбек Сапаров облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы бастамалар мен қолға алынған жобаларды жоғары бағалап, министрлік тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары