Министр қақпашы Темірлан Анарбековке де білім грантын ұсынды

/
Министр қақпашы Темірлан Анарбековке де білім грантын ұсынды
instagram/Sayasat Nurbek

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбековті 2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ спорт және туризм академиясының студенті болуға шақырғанын мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министр бұл туралы Telegram желісінде жазды. Саясат Нұрбектің айтуынша, футбол – командалық ойын, ал жеңіс әрқашан бірлескен еңбектің нәтижесі. Осы орайда министрлік «Қайрат» клубының барлық студент-спортшыларын қолдайтынын ерекше атап өтті.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Темірлан Анарбековке және Дастан Сатпаевқа Алғыс хаттар табыстаған. Өкінішке қарай алдағы ойындарға дайындыққа байланысты марапатқа тек Шерхан Қалмырза ғана қатыса алған.

«Қуана хабарлаймын: біз Темірлан Анарбековті 2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ спорт және туризм академиясының студенті болуға шақырдық. Сондай-ақ Дастан Сатпаевтың да біздің жоғары оқу орындарының біріне түсетініне үміттіміз. Оның жасы бар болғаны 17-де», – деп жазды Саясат Нұрбек.

Министрлік спортты дамытумен қатар, кәсіби спортшылардың академиялық білім алуына да ерекше мән беретіні атап өтілді. Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырза – спорттық жетістіктері үшін грант иегері атанған алғашқы спортшылар емес. Бұған дейін де көптеген дарынды жастар осындай қолдауға ие болған.

«Біз талантты жастарды барынша қолдауға тиіспіз – мейлі ол спортта, ғылымда немесе өнерде болсын. Темірлан мен Шерханның үлгісі көптеген студенттерге оқу мен спортты қатар алып жүруге, мақсатқа жетудің еңбексіз болмайтынын дәлелдеуге шабыт береді. Барлық спортшыларымызға жеңіс пен жарқын жетістіктер тілеймін», – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Саясат Нұрбек Қазақ Спорт және туризм академиясында ақылы бөлімде білім алып жүрген студент Шерхан Қалмұрзамен жүздесіп, оған ректорлық білім беру грантын табыстағанын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары