Әйелдер неге ерлерге қарағанда ұзақ жасайды? – ғалымдар жауабын тапты

/
Әйелдер неге ерлерге қарағанда ұзақ жасайды? – ғалымдар жауабын тапты
сурет: istockphoto.com

Әйелдердің ерлерден ұзақ өмір сүруі тек адамзатқа тән құбылыс емес. Жаңа ғылыми зерттеулер мұндай айырмашылық эволюциялық тарихқа байланысты екенін көрсетті. Мұндай үрдіс сүтқоректілер мен құстардың жүздеген түрінде байқалады және оның түпкі себебі генетика мен көбею стратегиясында жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар Макс Планк атындағы Эволюциялық антропология институты (Германия) мен тағы 15 елдің зерттеушілері 1 176 түрдің өмір ұзақтығы жөніндегі ең ірі деректер базасын жинады. Нәтижелер Nature Communications пен Proceedings of the Royal Society B журналдарында жарияланды. Талдау көрсеткендей, көпшілік сүтқоректілерде ұрғашылары еркектерге қарағанда орта есеппен 12-13% ұзақ өмір сүреді. Ал құстарда керісінше, аталықтары шамамен 5 пайыз ұзақ жасайды.

Бұл айырмашылықтың басты түсіндірмелерінің бірі – гетерогаметты жыныс гипотезасы. Мысалы, адамдарда әйелдердің екі X-хромосомасы бар, ал ерлерде бір X және бір Y ғана. Сол себепті ерлер мутацияға әлдеқайда осал. Құстарда жағдай керісінше: аналықтарда ZW хромосомалары бар, сондықтан аталықтардың генетикалық қорғанысы мықтырақ.

Сонымен қатар көбею тәсілі мен ата-ана рөлі де үлкен мәнге ие. Полигамды түрлерде еркектер әрдайым бәсекеге түсіп, энергиясын сарқып алады, сондықтан олардың өмірі қысқарады. Ал моногамды құстарда мұндай «жарыс» жоқ, сондықтан аталықтар ұзақ жасайды. Приматтарда көбінесе аналықтар баласына көбірек қамқорлық көрсетеді, сондықтан олардың ұзақ өмір сүруі эволюция тұрғысынан тиімді.

Ғалымдар орта факторларын да зерттеді: хайуанаттар бағындағы жануарлардың да, жабайы табиғаттағы түрлердің де айырмашылығы сақталды, бірақ азайған. Бұл адамдарға ұқсайды – медицина мен тұрмыс жағдайының жақсаруы гендерлік айырмашылықты қысқартты, бірақ толық жойған жоқ.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл деректер әйелдердің ұзақ өмір сүруінің себебі жай ғана әлеуметтік фактор емес, терең биологиялық негізге ие құбылыс екенін дәлелдейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары