Биыл ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Қыркүйектің 25-інде Алматыдағы «Тұран» университетінің акт залында ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы, Ресей Халықтар достығы университеті және Еуразия мәдени қорымен бірлесе отырып «Өсіріс заңы: ежелгі қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы» атты білім мәдениетін қолдауға арналған VIII халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шара аясында ақын, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, әлемге әйгілі түркітанушы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
АБАҚТЫДАҒЫ «Аз и Я»
– Осыдан елу жыл бұрын бүкіл әлемді дүрілдеткен бір кітап жарық көрді. Авторы қазақстандық ақын Олжас Сүлейменов. Осы «Аз и Я» кітабының тағдыры туралы білсек. Құрметті Олжас Омарұлы, сіздің ақындығыңыз бір төбе. Көптеген шетел Сізді түркітанушы ретінде де жоғары бағалайды. Кітапты абақтыға жабу тарихта болмаған құбылыс қой. Кітабыңызды қамауға кімдер құштар болды?
– Оған қарсы соғысты алдымен «Молодая гвардия» бастады. Оның артын ала «Москва» журналы іске кірісті. Сосын қарсы пікірімен Дмитрий Сергеевич Лихачев «НИВА» журналына шықты. 1976 жылы 13 ақпанда СССР Ғылым академиясында 47 академиктің қатысуымен жабық үлгідегі жиналыс өткізілді. Негізгі байламдары: «Алматыда 100 мың данамен орыстарға қарсы «Аз и Я» кітабы жарық көрді». Талқылауды академик Рыбаков бастады. Талқылау тоғыз сағат бойы ешқандай үзіліссіз жүргізілді. 47 академик, академияның корреспондент мүшелері мен ғылым докторлары тоғыз сағат бойы «Аз и Я» кітабын тас талқанын шығарып, түкке тұрғысыз еткісі келді. Академиктердің ішінде бір-екеуі олардың уәжіне қарсы пікір айтқанымен, дауыстары естілмеді. Мені орысқа қарсы, тарихты бұрмалаушы, пантюркист, ұлтшыл деп айыптады. Маған БАҚ-та шығуға тыйым салды. Бұл ол кезде өте ауыр жаза еді. Менің тағдырымды КПСС Орталық Комитетінің шығармашылық жөніндегі идеология бөлімі шешпек болды. Егер де сол кезде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болмағанда, бұл мәселе басқаша шешілер еді. Идеологиялық майданның қайда бет алғанын жан-тәнімен сезінген Қонаев кітапты Брежневке береді.
Үлкен жиында Брежнев: «Бұл кітапта сіздер ойлағандай ұлтшылдық жоқ», – деп қысқа қайырады. Осыдан кейін маған қарсы идеологиялық майдан тоқтатылды. Қаншама қиянаттар мен қарсы әрекеттер болғанымен, «Аз и Я» кітабының тиражы рекордтық деңгейге жетті. Ол қара базарда бір мың рубльге саудаланған. Ал өзіндік құны 70-ақ тиын болатын. «Аз и Я» кітабын іздеушілердің саны мол еді, бірақ табу мүмкін емес.
Сол кездері Қазақстанның абақтыларының жертөлелерінде мыңдаған «Аз и Я» кітабы үйіліп жатты. Кітапты абақтыға отырғызды. Бұл адамзаттың тарихында болмаған құбылыс еді!
ТҮРКІТАНУШЫЛАРДЫҢ
ЕКІНШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?
– 1926 жылы Бакуде түркітанушылардың І конгресі өтті. Артынша ондағы белсенділерді қуғындау басталды. Ал Тәуелсіз Қазақстанда түркітанушылардың екінші халықаралық конгресі неге өтпей қалды деген сұрақ өзінен-өзі туындайды? Неге біз әлі күнге дейін бұл мәселені жылы жауып қойып отырмыз?
– ...Кезінде бұрынғы президент тарихқа қатты әуес болды. Түркі жазуы мен түркітану (түркология) тарихында ол өз атын қалдыруға шешім қабылдады. 2018 жылы ол мені кездесуге шақырды. Үлкен дастарқан басында президентпен бірге, сол кездегі мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесші де отырды. Әңгімеден Алматыда түркітанушылардың екінші халықаралық конгресін өткізуге ниеті барын білдім.
Ал мен конгресс өткізуге қарсылық білдірдім:
«Мұндай кездесулер айрықша ғылыми баяндамалармен ашылуы тиіс. Біз бұл Конгресте не туралы айтамыз? Өткен ғасырда ғылымда түркі тілдері туралы қандай жаңалық болды? Түркітанушылардың қайсысы түркі жазбаларының пайда болуы және оның ежелгі басқа жазбалармен байланыстарын зерттеді? Ең бастысы, түркі тілі мен мәдениетінің жасын болжау әдісімен есептеген алғашқы түркітанушылардың қателіктері әлі күнге дейін жоққа шығарылған жоқ. Түркологияда ғылыми атақ көбейгенмен, білім көбейген жоқ...».
Мен жалғастырдым:
«Қазіргі кезде қолданыстағы түркі диалектілерінің барлығы сол «ежелгі түркі тілінен» шыққан деген ғылыми теория әлі де бар. Моңғол даласындағы балбал тастардан табылған руникалық мәтіндердің тілі ежелгі түркі тілі деп санайды. Бірақ «ежелгі оғыз тілі» деп Сергей Малов Бірінші конгресте оған дәл анықтама берді. Бұл руникалық мәтіндердің тілі түркі тілінің түптегі еместігін айқындайды. Басқа түркітектес тілдердің бәрі содан шыққан. Ал көрнекті түркітанушы ғалымның мұндай нақтылауы түркі тіл білімінің одан әрі дамуына өз әсерін тигізуі керек еді».
– Олардың басты қателігі неде болды?
– 1930 жылдардағы қазақ ғалымдары қазақ тілін «көне түркіден» тараған түркі тілдері отбасының бір бөлігі деп есептеді. Сондықтан қазақ сөзін жаза отырып, оғызға қайта терең үңілу керек.
1930 жылдары қазақ тіліндегі жазбаша сөздердің бірқатары ауызекі сөздерден ерекшелене бастады. Мәселен, латынша жазайық: auz – «ауыз», baur – «бауыр», aur – «ауыр»...
Бірақ «көне түркіде» (яғни оғыз тілінде) сол сөздер (латынша) сәл басқаша жазылады: ahyz – «ауыз», bahyr – «бауыр», ahyr – «ауыр». Ал біздің тіл мамандарымыз «көне түркіден» үлгі алады, сөздердің орнына олардың жазуындағы әріптердің айтылмайтын тіркестерін жасаған. Қазірдің өзінде кириллицада: ауыз – «рот», бауыр – «печень», ауыр – «тяжелое» деп жазды.
1990 жылдардан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. Бірақ қалалардағы мектеп оқушыларының жартысына жуығы орыс тілінде сөйлейді. Тіпті, Лев Толстой мен Лермонтовтың да кітаптарында аул кездеседі, ол ауыл деп айтылған. Бірде-бір қазақ ауыл деп үш дауысты дыбысты қатар айтпайды. Осылайша, алғашқы қазақ түркітанушылардың сауатсыздығы жазбаша қазақ сөзінің тағдырына әсер етті.
Бірінші съезге қатысушылар бұл тұжырымдарға жақындауы мүмкін еді, алайда олар атылды.
– Сталин зобалаңында ғалымдар ғана емес, зиялы қауым өкілдері, ең арғысы тарихты еске түсіретін құнды жәдігерлер мен ежелгі ескерткіштер де жойылған жоқ па?
– Мен 1980 жылдары Моңғолияға барған сапарымда Орхон стеллаларында автомат оқтарының іздерін таптым. Жақын жерде кеңес әскери бөлімшесі болды. Ал тақыр далада көздеп атар түк жоқ, тек осы (обелиск) ескерткіштерді нысанаға алды. Мыңдаған жыл бойы ашық аспан астында тұрған, аптап ыстыққа, аязға, Түрік қағанаттары мен Шыңғыс хан империясына төтеп берген тас қолжазбаларды моңғол және кеңес мәдениетінің қайраткерлері атуға рұқсат еткен.
Мен Моңғолияның Мәдениет министріне протографтарды Моңғол мемлекеттік музейінің қоймаларына жасырып, олардың орнына дәл осы тас көшірмелерін орнатамыз деп ұсыныс жасадым. Мейлі, оларды ата берсін. Көшірмесіне Қазақстан ақша береді. Біздің мүсіншілер мен сәулетшілер соңғы түйіршіктеріне дейін ғажайып етіп өзгеше қайта жасай алады. Бұған Моңғолия билігі рұқсат бермеді. Полк басқа жерге көшірілгенімен, Мәскеу олардың оспадар істеріне тежеу салмады.
– Сіздің 1987 жылы АҚШ-та өткізген түркітанушылар конференцияңыздың нәтижесінде Қазақстанға Күлтегін ескерткіші келгені рас па?
– Иә, рас. 1987 жылы АҚШ-та өткен түркітанушылар конференциясын мен ЮНЕСКО-ға хат жазып ұйымдастырдым. Оған дүние жүзінің түркітанушылары қол қойды. Біз түркі ескерткіштерін қорғап, Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді талап еттік. Бір топ түрік ғалымдары конференциядан кейін тікелей Моңғолияға ұшып кетті. Олардың Ұлан-Батормен «монологы» ұзақ жыл бойы нәтиже бермеді.
Тек 90-жылдардың аяғында Қазақстанда ғылым мен мәдениетке жетекшілік ететін вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов болған кезде, біз моңғолдарды Орхон ескерткіштерінің ерекше мәдени құндылығы бар екеніне сендіре алдық. Қазір Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия университетінде орнатылған жазба ескерт-кіштің дәл көшірмесін жасауға жапон шеберлерімен келісімге келдік.
2001 жылы 18 мамырда ескерткіштің ашылуында сөз сөйледік. Мен жазбадан мына сөздерді оқыдым:
«Тунь удумадъм,
куньдуз олурмадъм,
кара тарiмдi тöктiм,
къзъл канъмдъ югурдтiм –
тÿрк будун учун»
«Түн ұйықтамадым,
күндіз демалмадым,
қара терімді төктім,
қызыл қанымды жүгірттім...
түркі халқы үшін».
Бұл формулаға дейін халық пен мәдениет мыңдаған жыл бойы тер төгуі керек! Сонда ғана жеке тұлға осылайша өз көзқарасын, сенімін білдіре алады. Бұл тілде түріктер жаһандық ойларды поэтикалық түрде білдірді. Бұл тіл мыңдаған жыл бойы сақталды.
Қазір ширек ғасыр бойы мыңдаған қазақ студенті осы стелланың жанынан өткенімен жазбаша мәдениеттің қазақтарға қандай жолдармен оралғанын білмейді, түйсінбейді.
Түркітанушылардың бірінші буыны атылғаннан кейін түркітану ғылымы дамымады. Ғалымдардың келесі ұрпақтары бұл ескерткіштердің «мүмкін түріктер ислам дінін қабылдағанға дейін, яғни біздің дәуіріміздің VII ғасыр шамасында» деп шамамен жасын есептеді.
Және осыған сүйене отырып, олар түркі жазуы мен мәдениетінің дәуірін «шамамен біздің заманымыздың V-VI ғасырлары» деп есептеді. Барлығы «айналасында». Нақты ештеңе жоқ.
Шумерде түркі мәдениетінің жасын б.з.д. IV мыңжылдыққа, содан кейін ежелгі Египетте (б.з.д. III мыңжылдық) анықтаған түркі-оғыз жазбаларының жаңа ескерткіштері ашылғанға дейін осылай түсіндірілді. Шумер мен Египеттен біз түріктердің тарихқа енген кездейсоқ қонақ емес екенін, мәдениетті жасаушы халық болғанының іздерін таптық.
Мұндай күтпеген жаңалықтар академиктер арасында үнсіздік тудыруы мүмкін еді.
БІЛІМ АРҚЫЛЫ МӘДЕНИЕТТЕРДІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ
– Сонымен Түркітанушылардың екінші конгресін өткізу туралы әңгімеден қандай қорытынды шықты?
– Мен түркітанушылардың екінші конгресін өткізуге қарсы болдым және ол менің сөздеріме құлақ асты. Оның орнына біз сол кезде құрылған ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығында белсенді ғылыми жұмыстарды бастадық және бұл ұйым арқылы біз бірнеше нағыз маңызды жаңалықтар аша алдық. Оның ішіндегі ерекшесі «Өсіріс заңы». Осыған кеңінен тоқталайын.
– Осы жылдар аралығында біз не білдік? Орталықтың атқарған жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Мәдениеттердің жақындасуы – бұл концерттер мен «ән-би» ансамбльдерінің алмасуы емес деп түсіндірдік. Біздің бағдарламамыздың мақсаты – Homo Sapiensтерді тәрбиелейтін білім көлемін толықтыру. Әрбір этностың ұлт болып қалыптасуына көмектесетін білім. Оларды ғылыми еңбектер, конференциялар және мектеп оқулықтары арқылы ұрпақтарға тарату және бекіту.
Мәдениеттерді жақындастырудың Халықаралық онжылдығы әртүрлі елдерде үлкен жұмыс жүргізуге, сондай-ақ Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығын құруға мүмкіндік берді. Орталық әлемдегі өзінің ерекше жақындасу бағдарламасы бойынша – мәдениеттердің бастауларын және олардың өзара тәуелді тарихын ашып, алғашқы сөздердің пайда болуын зерттейді.
Орталық ондаған халықаралық конференция мен форум өткізді, онда келесі тақырыптар алғаш рет талқыланды: «Ағартушы ислам және қайта өрлеу дәуірі: Фараб, Бағдад және Кордовадан білім мәдениетіне дейін», «Сөз археологиясы», «Саналы өзара тәуелділік дәуіріне аяқ басу», «Халықтардың ұлы көші-қоны», «Сандар археологиясы: Шумер және арифметиканың бастаулары», «Оқуға құштар ұлттың қайта жаңғыруы», «Қазақстанның зияткерлік тарихы».
Жүздеген мақала мен баяндама, ондаған ғылыми журнал мен монография.
Бірақ біз негізгі жаңалықтарымызға енді ғана жақындап келеміз.
Материалдық ескерткіштер емес, алғаш ғылым тілі ежелгі қазақ тілі болған және бүгінгі қазақ тілінде сақталған әлем тарихының күтпеген жаңалықтарына кез болдық.
Егер бұған сенбейтін болсаңыз, кем дегенде тексеру керек.
– Ежелгі Египетте егіншіліктің пайда болуы туралы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғалымдары ашқан «Өсіріс заңына» толығырақ тоқталып кетсеңіз.
– «Өсіріс заңының» ашылуы – ежелгі Египетте алғаш рет айтылған белсенді егіншілік формуласы. Қазақ тілінде сөйлейтіндер – бұл білімнің мұрагерлері.
Сол көне заманда екі түркі халқы ерекше көзге түскен. Оғыз түркілерінің тас стеллалары күні бүгінге дейін сақталған. Ал Осирис бейнелеріндегі жазба мәдениет ескерткіштері бізге енді ғана ашылып келе жатқан ежелгі қазақтардың мұрасы.
...Біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдықта түркі тайпаларының бір бөлігі Ұлы Ніл өзеніне дейін жеткен. Бұл өзен адамдар мен жануарлардың сусынын қандырып қана қоймай, өсімдіктер мен шөптердің өсуіне де ықпал етті. Олар шөлді кесіп өткен өзеннің жағасында жайқалып өсті. Қыпшақ түріктері бұл құбылысқа тәнті болып, шабыттанды.
– Мұны «Белсенді егіншілік заңы» деп атауға да болады екен ғой?
– Ал кейін тәңірлік еткен бас перғауын бұл жаңалықты нақты пайдалануды ұсынып, «Белсенді егіншілік заңын» ежелгі қазақ сөзімен бекітті:
OSIRÍS – «ӨСІРІС» (қазақша)
…Ежелгі суреттерде Осирис шалқасынан жатқан кейпінде бейнеленген. Оның денесінде Заңды бейнелейтін тік ұзын өсімдік сабағы өскен. Осиристің ағаш қораптары да салт-дәстүрлік мақсатта қолданылған: іші қуыс, олар топырақ пен дәнмен толтырылды, ал қақпағына тесіктер бұрғыланды, осы тесіктер арқылы жасыл көшеттер пайда болды. Оның ғибадатханаларының айналасына жылдың әр күнін бейнелейтін 360 немесе 365 ағаш отырғызылды.
Енді бұл заңды Ежелгі Египетте айтылғандай тек қазақтар ғана оқи алады:
ÖS '- ӨС – «өсу!» (қаз.)
ÖSÍR (ӨСІР) – «өсір!» (қаз.)
ÖSIRÍS (ӨСІРІС) – «өсіріс» (қаз.)
Бес мың жыл бұрын қалыптасқан грамматикалық қатардың семантикалық үйлесімділігі мен кескіндемелік дәлдігі әлемнің қай тілінде сақталған? Біз Osiris формуласының грамматикалық дамуының дәлдігін қазақ тілінен көріп отырғанымыздай, әлемнің басқа тілдерінен таппадық.
Тіл мамандары бұл таңғаларлық құбылысты шынайы зерттей отырып, қазақ тілінің ақыры ғылым тіліне айналғандығына куә болады!
Ал қазақтың ежелгі Osiris деген сөзімен Ніл жағасында белсенді егіншілік бағдарламасын алғаш жариялағанын әлем білетін болады. Бұл формула Ежелгі Египет дән өсіру мәдениетін қалыптастырды. Көкке ұмтылған пирамидалардың үшкір пішінінің шығу сыры да көкөністің жерді жарып шыққан өскінінің құпия бейнесі болуы мүмкін бе?
Египтологтардың бірнеше ғасыр бойы Осиристің аграрлық саладағы өрлеу себептерін зерттеуі сәтсіз болып келеді. Олар бұл сөзді гректерден кейін бұрмаланған екпінмен қайталайды. Ғасырлар бойы египеттану ғылымында қазақ тайпасының ертедегі ата-бабалары игерген, бірақ кейінгі тарихтың таусылмайтын сынақтарында жоғалып кеткен «Өсімдіктер құдайының» атау-формуласын және егіншіліктің шығу тегін түсіндіретін ешкім табылмай отыр.
– Соған байланысты біздің жаңалығымызды жоққа шығару мүмкін бе?
– Бәлкім, дүниежүзілік тіл білімінде қалыптасқан түркі тілдерінің дәуірі – «б.з. бірінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырларынан» бастау алған болуы мүмкін.
Ата-бабалары тек жойқын жорықтарымен ғана тарихта аты шыққан қазақтарды мәңгілік көшпенділер деп санайтын академиялық қараңғылық ғасырындағы зұлмат дәуірлердің теріс ұғымдарын жаңа ұрпақ жоққа шығарып, жеңуі тиіс.
Ежелгі заманда Осирис Заңының адал орындаушылары болған көшпенділердің тілінде айқын сақталған белсенді егіншіліктің заңнамалық формуласының грамматикалық даму жүйесінің ашылуы оқымысты ғалымдар әлемін дүр сілкіндіретін болады:
ӨС – «расти!» – ӨСÍР – «взращивай!» – ӨСІРÍС – «взращивание» (каз.).
Бұл формуланы талдау әлемдік лингвистер мен мәдениет тарихшылары үшін көптеген күтпеген жаңалық сыйлауы әбден мүмкін.
Олар ғасырлар бойы ös белгісі мен сөзі славяндарға да белгілі болғанын біледі. Олар күрделі белгінің жалпы атауын бөліктерге – тік сызыққа теліді.
Оның атауы осы ұғымды білдіретін ось сөзіне айналды. Бірақ бұрынғы түркі мағынасындағы– «өсе бер!» – тез өсетін ағаштардың (осина, осьпа, осика, ясень) және өсімдіктердің (осока) славян атауларында қалды.
Гректер жасанды жұмсақты (ö) «табиғи жұмсақ» e етіп көрсетуге тырысты. Олар Осирис заңын біліп, оны алғашқы ұрпақтарға бұрмаламай жеткізді. Бірақ олар жаңа сөздерді үйренген кезде оларды жұмсақ «е»-ге бейімдей бастады. Бұл оңтүстік славяндық есика, ясика – «осина» (нем. espe, wespe), ясень пайда болуымен түсіндіреді.
Славяндарда сақталған ежелгі *еsen ' түбірінен орысша ясень, серб.- хорв. Jасеn-нен (а латыш. jоsеn – «ясень» тікелей *ösen) шыққан болуы мүмкін. Жіңішке дыбысты қабылдаудың бұл құбылысы да тіл мамандарының әлі күнге дейін меңгере алмаған жаңалығы.
*өcь (ös) – «өсу» түбірінің бастапқы мағынасын қалпына келтіру алғашқы жұмсақтық (*ösen’) белгілері сақталған тағы бір «қара» сөздің, осень шығу тегін түсінуге мүмкіндік береді. Қазақ тілінде сөзбе-сөз «өскен» дегенді білдірсе, славян тілінде «жемістердің бәрі өсіп, піскен жылдың күз мезгілі» деп түсінген. Енді біз егіншілік мәдениетінің қалай басталып, қалай жойылып кеткенін білеміз.
Бұл егіншілік мәдениеті ғасырлар бойы дүние жүзіне таралып, онда әр тайпа мен аймақ оның атауына өзінше өзгерістер енгізіп, ақырында қазақтың ата-бабалары Осирис заңын жадынан шығарып, ұмытқан нағыз көшпенділерге айналды.
...Мыңдаған жыл өтті. Көшпенділік жалғасып, халық ғасырлар бойы қалыптасқан егіншілікті ұмытты. Өмір салты өзгеріп, Osiris қазақ тілінде бір кездері Құдайдың формулалық есімімен айтылатын мағынасын жоғалтты. Қазақтар егіншілікті ұмытып, ғасырлар бойы маусымдық өсірілген дала өсімдіктерін мал азығы ретінде пассивті қолдана бастады. Осылайша, олар Ежелгі Египетте алғаш рет көрінген материя мен мәдениеттің ұлы қозғалысын жоғалтып, біздің заманымызға жетті.
Мәдениеттерді жақындастыру орталығы осы күзде жаңа ғылыми пән – осирологияны талқылауға арналған халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр. Талқылауды осы бастан жүргізуге әзір. Мәңгілік көшпенділердің ата-бабаларының бір кездері дүниежүзіне егін шаруашылығы мәдениетін тарту еткені тарихымызды ақиқатқа жетелейді. Бұл бір сөздің емес, өркениетті дүниеге әкелген тұтас грамматикалық және мәдени жүйенің ашылуы.
Арада мыңдаған жыл өткенде ғаламшардағы сақталып қалған жүздеген тілдің ішінде Осирис заңының қазақ тілінде ғана сақталып, бүгінге бүлінбей жетуі еліміздің еңсесін көтере түседі.
Бұл әлемге егіншілікпен қосарлана мәдениеттің қалай пайда болғанын білуге көмектесетін мыңжылдықтардың тілі.
– Олжас Омарұлы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр жерімізде «Белсенді егіншілік заңы» қайта жаңғырсын деп тілейік!
Сұхбаттасқан –
Ескендір ЕРТАЙ