Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуров бүгін Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумына қатысып, Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы арнайы зертхананы ашатынын мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол 500 ауыл баласы білім алатын Iqanat мектебіне барып, оқушылармен келелі кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Балалар оған ЖИ туралы сұрақ көп қойды. Сонымен қатар, қазіргі трендтер, болашақ мамандықтар жайлы да сұрады. Павел өзінің мектепте қандай оқушы болғанын, бұзақылық жасап, нені армандағаны туралы айтып берді. Тағы бір қызығы, ол әлеуметтік желілерде өткізетін уақытты, әсіресе балалар уақытын шектеу керек екенін атап өтті. Бұл – әрине, таңғаларлық жайт, әлем бойынша оның атқарар шаруасы көп, оған қоса қосымшасында 1 млрд жазылушысы бар. Ал ол болса шалғайдағы ауылдардан келген балалармен бірнеше сағат әңгімелесіп отыр», – дейді кәсіпкер, Iqanat мектебінің негізін қалаушы Айдын Рақымбаев.
Еске сала кетейік, Павел Дуров былтыр ауыл балалары оқитын IQanat мектебіне 356 000 доллар көлемінде 12 грант бөлген болатын. Павел Дуров өзі ұсынған грантқа лайық ауыл балаларын өзі зерттеп, іріктеуге өзі қатысқан.
Павел грант ұсынған ауыл оқушыларының бірі – Тимур. Ақмола облысы Бұлақсай ауылынан келген ол қазір 10-сыныпта оқиды. Әкесі – өрт сөндіруші, анасы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол бала күнінен бағдарлама жасақтаушы болуды армандаған. Алайда ауылдағы мектепте небәрі 30-ақ бала оқыған. Ал Тимурдың сыныбында 2 ғана бала білім алған. Тимур ендігі кезекте Павел Дуровтың грантын иеленіп, ауыл балалары оқуды армандайтын Iqanat мектебінде білім алып жүр.