Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев депутаттардың атынан Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасына жолдаған сауалында табиғи монополистердің тарифтік саясатындағы қайшылықтар мен көлеңкелі табыс көздерін сынға алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттардың айтуынша, Мемлекет басшысы Үкіметке «Инвестицияларға айырбастау тарифі» саясатына көшуді тапсырғанымен, бір мезетте тарифтерді ұстап тұру талабы қойылып отыр. Бұл жағдай бастамалардың ашықтығы мен тиімділігіне күмән тудырады.
– Монополистер инвестициялық шығындарды өз қаражатынан емес, реттелмейтін қызмет түрлері арқылы жауып отыр. Сондықтан олар үшін инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту тиімсіз, өйткені ол жиі жөндеуді азайтып, кірістерін қысқартады, – делінген сауалда.
2019–2023 жылдар аралығында Астанада жылу жүйесін сығымдау бағасы екі есе (481 теңгеден 1 033 теңгеге) өскен;
Қызылордада электр қуатына қосылу құны 52%-ға артқан;
Көкшетауда сумен жабдықтауға қосылу бағасы 68%-ға көтерілген.
Жалпы ел бойынша мұндай қызметтердің бағасы жылына орта есеппен 50%-ға өсіп, инфляциядан әлдеқайда асып кеткен.
Сондай-ақ, депутаттар монополистердің шағын және орта бизнеске жасанды кедергілер қойып отырғанын, ал бақылаушы органдар тарапынан протекционизм байқалатынын атап өтті. «Тұтынушыларды монополистермен бетпе-бет қалдырмау керек деген Президент тапсырмасына қарамастан, реттеушілер көбіне монополиялардың мүддесін қорғайды», – деді олар.
Осыған байланысты «AMANAT» фракциясының депутаттары:
Табиғи монополиялардың реттелмейтін қызмет түрлерін де заңнамалық тұрғыдан бақылауға алу;
Инвестициялардың ашықтығын қамтамасыз ету;
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту қажет деп санайды.
– Біз табиғи монополиялар субъектілері инфрақұрылымды әдейі тозған күйде ұстап отырғанын көріп отырмыз. Бұл мәселені түпкілікті шешу үшін Мәжіліспен бірлесіп нақты заңнамалық түзетулер қажет, – деп түйіндеді депутаттар.