18 жастағы америкалық жасөспірім тағам суреті арқылы калория санайтын қосымша жасап, $30 млн табыс тапты, деп хабарлайды turkystan.kz Fortune басылымына сілтеме жасап.
АҚШ-тағы 18 жастағы жас кәсіпкер Зак Ядегари тағам суретінен калория санайтын Cal AI қосымшасы арқылы небәрі бір жарым жылда $30 млн (шамамен 2,5 млрд теңге) табыс тапты. Оның жетістігіне негіз болған кәдімгі ChatGPT-ті дұрыс қолдану.
Жас жігіттің идеясы жеке фитнес-тәжірибесінен туған. Өзін арық деп санап, салмақ жинағысы келген кезде ол калория санайтын танымал қосымшалардың қолайсыздығын сезінген. Кафеде немесе мейрамханада достарымен бірге тамақтанғанда калорияны дәл есептей алмай, спорттық мақсатын жиі үзіп тастайтын. Ақыры кодтауды бала кезден меңгерген ол жаңа шешім ұсынуды ойлады.
2024 жылы мамырда Ядегари достарымен бірге Cal AI-ді іске қосты. Қосымша кез келген тағамның суретін салып, оның калориясын көрсетеді. Жүйе 90% дәлдікпен жұмыс істейді. Бүгінде қосымшаны App Store мен Google Play-ден тегін жүктеп алуға болады, ал жазылым бағасы айына $2,49 немесе жылына $29,99. Fortune басылымы келтірген деректерге қарағанда, қосымша айына бірнеше миллион доллар табыс әкеліп отыр.
Ядегари 7 жасынан бастап кодтауды үйреніп, 12 жасында алғашқы ойын қосымшасын App Store-ға жариялаған. 16 жасында мектеп оқушыларына арналған ойын сайтынан айына $60 мыңға дейін жарнама табысын тауып, кейін оны $100 мыңға сатып жіберген.
Қазір ол Майамиде басқа жас стартапшылармен бірге тұрады. «App Mafia» деп аталатын топ құрып, қосымша жасаудың қыр-сырын бөлісіп, Gen Z буынының жаңа технологиялық толқынын қалыптастыруды мақсат етіп отыр.