Полицейлерге терезесін ашпай қойған келіншек жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылды

/
Полицейлерге терезесін ашпай қойған келіншек жүргізуші куәлігінен 8 жылға айырылды
istockphoto.com

Қостанай облысында әйел көліктен шығудан және медициналық куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін 16 тәулікке қамалып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 24 тамыз күні сағат 23:10 шамасында Лисаковск қаласында болған. Іс материалдарына сәйкес, әйел автокөліктің ішінде отырған кезде оған полиция қызметкерлері жақындаған. Олардың көліктен шығу туралы талабына ол құлақ аспай, есік пен терезелерді жауып тастаған. Соның салдарынан полицейлер арнайы құрал қолдануға мәжбүр болған.

«Сонымен қатар ол полиция қызметкерінің заңды талабын орындамай, белгіленген тәртіп бойынша алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін анықтауға арналған медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан», — делінген хабарламада.

Сот отырысында азаматша кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Сот оны ӘҚБтК-нің екі бабы бойынша кінәлі деп тапты:

667-баптың 1-бөлігі (полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау);

613-баптың 4-бөлігі (медициналық куәландырудан өтуден бас тарту).

Әйелге 16 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қаулы заңды күшіне енді.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары