«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл іс-шара – Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жалғасы. Акцияның мақсаты – тек қана аумақтарды қоқыстан тазарту емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, әрбір азаматты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға баулу.
Астана қаласында өткен тазалық жұмыстарына партияның қалалық филиалының өкілдері мен партия жанындағы Экологиялық кеңес мүшелері қатысты. Олар №46 «Самал» санаториялық балабақшасының аумағын тазалап, жасыл желекке күтім жасады. Қатысушылар балаларға арналған мекеменің айналасын абаттандыруды қолға алып, табиғатқа жанашырлықты дәріптеудің үлгісін көрсетті.
«Экологиялық сана – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі. Мұндай акциялар адамдарды табиғатқа жанашыр болуға баулиды. Әрқайсымыз айналамызды таза ұстаудан бастауымыз керек», – деді «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің мүшесі Балауса Қайырғалиева.
Қызылорда облысы Арал ауданында да дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясы кең қолдау тапты. Партия мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары мен ерікті жастар Арал қаласындағы «Сақина» аллеясын қоқыстан тазартып, жасыл желекке күтім жасады. Жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, орындықтар тазаланды.
Ақтөбелік партиялықтар экологиялық акция асында Мәртөк ауылындағы «Қайрат» орталық стадионының аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға бастауыш ұйым мүшелері, «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері қатысып, 1 тоннаға жуық қоқыс шығарды. Қатысушылар көгалды да ретке келтіріп, демалушыларға қолайлы жағдай жасады.
«Ауылдың орталық стадионы аумағы шамамен 2 гектар жерді алып жатыр. Бұл жерде тұрғындар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ұмтылады. Алдағы уақытта Мәртөк ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған үлкен концерттік бағдарлама өтпек. Халық көп жиналатын жерді таза ұстауы маңызды», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тазалық жұмыстары «Тәуелсіздік саябағында» өтті. Мұнда партияның аудандық филиалы, ауыл әкімдігі, абаттандыру мекемесі, денсаулық сақтау саласы мен жастар ұйымдары жұмыла еңбек етті. Саябақ қураған шөп пен қоқыстан арылып, ретке келтірілді.
Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында да орталық көшелер мен саябақтар тазартылды. Қоғамдық орындар қоқыстан арылып, жасыл аймақтарға ерекше көңіл бөлінді.
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында Смирново ауылының көшелері мен қоғамдық орындары тазартылды. Партия белсенділері қоқыс пен қураған бұтақтарды жинап, ауылды көркейтуге үлес қосты.
Абай облысының Аягөз ауданында «Аягөз теміржол №4» бастауыш партия ұйымы бастамашы болып, теміржол маңындағы 0,5 гектар аумақ қоқыстан тазартылды. Жиналған қоқыс көлемі шамамен 1 тоннаға жетті. Бұл іске 30-дан астам адам қатысты.
«Теміржол – өңіріміздің тіршілік күретамыры. Осындай игі бастамалар арқылы біз тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда бірлік пен экологиялық мәдениетті қалыптастырамыз. Егер әрбір мекеме, ұйым өз аумағына осылай жанашырлықпен қараса, халқымыздың өмір сүру сапасы артып, еліміз одан әрі көркейе түсері анық», – деді «AMANAT» партиясы Аягөз аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерсін Түсіпов.
Шымкент қаласында да дәстүрлі акция жалғасын тапты. Тұран ауданындағы №8 мөлтек ауданында партия мүшелері, жастар қанаты және коммуналдық қызмет өкілдері көпқабатты үйлердің аулаларын қоқыстан тазартып, қураған ағаш бұтақтарын жинады.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында өткен акцияға 50-ден астам адам қатысты. Қалалық саябақ қураған жапырақтардан тазартылды.Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, студенттер, сондай-ақ «Шаңырақ» волонтерлік орталығының өкілдері болды.
Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді. Былтыр маусым айында бастау алған акция аясында 1000-нан астам ластанған учаске тазаланып, абаттандырылды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.