Атырауда қала саябақтарының бірінде колледж студенті құрбысын соққыға жыққаннан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға бейнежазбаға түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Желіде тараған кадрларда ақ кофта киген қыздың жерде жатқан қатарласын аяусыз ұрып-соққаны көрінеді: ол басы мен бетіне жұдырықпен бірнеше рет соққы жасап, жерде жатқан қызды басынан аяғымен де тебеді.
Атырау облысы полиция департаменті күдікті колледж студентінің ұсталып, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын хабарлады.
«Барлық қатысушылар профилактикалық есепке қойылады, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады. Балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді полиция.
Сонымен қатар ведомство қақтығысты бейнежазбаға түсіріп, полицияға хабарламай, оны таратқан жасөспірімге де құқықтық баға берілетінін атап өтті.