Президент: Қазақстан бірте-бірте ғылыми зерттеу хабына айналып келеді

/
Президент: Қазақстан бірте-бірте ғылыми зерттеу хабына айналып келеді
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың бизнес өкілдерімен өткен кездесуде алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айналдыру жоспарын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты жаһандық технологиялық алпауыттар цифрлық экожүйемізді қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл еліміздің ІТ саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көрсетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспективті бағыттары саналады. 

Қаржы секторы туралы сөз қозғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды. 

Қазір онда 80-нен аса елден 4200-ден астам компания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компаниялар.

Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың маңызына ерекше тоқталды.

– Қазақстан бірте-бірте өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Олардың қатарында Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді америкалық жетекші жоғары оқу орындары бар, – деді Президент.

Сондай-ақ бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендия иегері АҚШ-тың Гарвард, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Чикаго университеті секілді маңдайалды оқу орындарында білім алып жатыр.

Бұл ретте Мемлекет жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары