Семейде полиция қызметкерлері орманда адасып кеткен 61 жастағы әйелді іздеп тауып, аман-есен үйіне жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зейнеткер Бейбітшілік аралындағы орманға саңырауқұлақ теруге шығып, бағытынан жаңылып қалған. Ол жағдайды түсіндіріп, “102” арнасына қоңырау шалған.
Оқиға орнына жедел түрде патрульдік полиция батальонының экипажы шықты. Қызметкерлер бірнеше топқа бөлініп, аумақты тінте бастады. Іздеу барысында орман алқабының маңында жүрген зейнеткерді тәртіп сақшысы байқап қалып, оны алып шықты. Осылайша, полицейлер зейнеткерді аман-есен үйіне жеткізді. Тұрғынға медициналық көмек қажет болған жоқ.