«Инстаграмды шулатып қайда жүрсің?»: 5 ай бұрын жоғалған ер адам Қостанайдан табылды

/
«Инстаграмды шулатып қайда жүрсің?»: 5 ай бұрын жоғалған ер адам Қостанайдан табылды
дереккөзден

Полицейлер бес айы бойы іздеуде болған адамды отбасымен қайта қауыштырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облысының Маршановка ауылында полицейлер 41 жастағы ер адамға назар аударды. Оның жүзі таныс көрінген. Себебі ол Солтүстік Қазақстан облысы полициясының іздеуінде жүрген азамат болып шықты.

Ер адам сәуір айында Астанаға жұмыс іздеп кеткен, кейін байланыс нашар ауылға қоныстанған. Сондықтан оның іздестіріліп жатқанынан бейхабар болған. Ал ол кезде туыстары алаңдап, полицияға хабарласқан және тіпті Instagram әлеуметтік желісінде де іздеу жариялаған. Анасы мен қарындасы үмітін үзбей, нәтижесінде, кездесетін күнге де жетті.

Полицейлер ер адамның қайда екенін анықтап қана қоймай, туыстарымен бейнеқоңырау арқылы қауыштырды.

Кадрда — көзіне жас алған, бірақ бақыттан жылаған анасы: «Жанымау, балам, шошыттың ғой! Қайда жүрсің?» — деп, көз жасын әрең тияды.
Ал қарындасы сәтті қалжыңдап: «Братишка, бүкіл Инстаграмды шулатып қайда жүрсің?» — деп күлімсірей сұрайды.

Ер адам туыстарына жақын арада баратынын, енді жоғалып кетпейтінін айтты.
Ал анасы үшін ең үлкен сый — ұлының даусын естіп, тірі, аман-есен екенін көріп, көп ұзамай үйге оралатынына көз жеткізу болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары